"Бұрын мен басқа адам болғанмын": Балалар өткен өмірі жайлы неге көп айтады, шынымен өткен өмір бар ма?
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде кішкентай балалардың "өткен өмірі" туралы айтқан әңгімелері қызу талқыланып жүр. Кей ата-ана олардың еш жерден біле алмайтын мәліметтерді айтатынына сенсе, енді бірі мұны бала қиялы немесе сәйкестік деп қабылдайды. Ал ғылым мұндай құбылысты қалай түсіндіреді? Stan.kz тілшісі балалардың өткен өмір туралы естеліктерін зерттеген ғалымдардың еңбектерін қарап, философ ғалымдар мен теологтың пікірін білді.
"Менің атым Томаш болатын..."
Әлеуметтік желідегі ата-аналардың арасында да мұндай оқиғасын бөліскендер бар.
Бір ана ұлының екі жарым-үш жасынан бастап "бұрын үлкен болғанын" айта бастағанын жазған. Оның айтуынша, бала бұрын жеке үйде Николай есімді ағасымен бірге тұрғанын, өзін Томаш деп атағанын айтқан. Сондай-ақ Франциядағы Ле-Ман қаласына ұқсайтын атауды қолданған. Бала өзін бұрынғы өмірінде үлкен адам болғанын айтып, қазіргі анасын "кішкентай қызым" деп сипаттаған.
"Ұлым әлі кішкентай кезінен көліктерге ерекше қызығатын. Бір жарым жасынан бастап көліктердің суретін салып, маркалары мен модельдерін тез жаттап алды. Екі жарым-үш жасында “бұрын мен үлкен болғанмын” деп айта бастады. Жеке үйде ағасы Николяммен тұрғанын, өзін Томаш деп атағанын айтты. “Де ле ман” деп бір жердің атауын қайталай беретін. Кейін оның Франциядағы Ле-Ман қаласына ұқсайтынын түсіндім. Тағы бірде менің бұрын оның кішкентай қызы болғанымды, ал Верман деген досын неге ұмытқанымды түсінбейтінін айтты", – деді ол.
Мұндай әңгімелерді ата-аналар әртүрлі түсіндіреді. Бірі – баланың қиялы десе, енді бірі мұны реинкарнациямен байланыстырады.

"Ұлым әкеме қатты ұқсайды"
Сайтымызға пікір берген Айдана есімді жас ана ата-анасы өзі дүниеге келмей тұрып ажырасып кеткенін, кейін әкесі жол апатынан қайтыс болғанын айтты. Оның айтуынша, әкелік мейірімді сезінбей өскен. Алайда қазір ұлының бойынан өз әкесіне ұқсайтын мінез-құлықты байқайды.
"Менің ата-анам мен дүниеге келмей тұрып ажырасып кетті. Кейін әкем мен кішкентай кезімде жол апатынан қайтыс болды. Сондықтан әкелік мейірімді мүлдем көрмей өстім. Қазір менің ұлым мен қызым бар. Бір қызығы, ұлым әкеме қатты ұқсайды. Бірде ұлым маған: “Мен үлкен аға болған кезімде мені көлік қағып кетті. Содан кейін өліп қалдым. Көптеген аналарды көрдім, олардың ішінде ең сұлуы сен болдың. Сондықтан сені таңдадым”, – деді. Ұлым кішкентай болса да, маған әкем секілді қамқор болып жүреді. Ұйықтап жатсам, үстімді жауып қояды. Кешігіп жатсам, әкем секілді ұрсып алатыны бар. Оның бойынан әкелік қамқорлықты сезінемін. Бәлкім, әкем өзін менің алдымда қарыздар сезініп, қайта дүниеге келген болар", – деді ол.
Алайда бала мен атасының сыртқы немесе мінез-құлық жағынан ұқсастығын реинкарнацияның дәлелі деп бірден қабылдауға болмайды. Мұндай ұқсастықтарға генетика, отбасылық орта, баланың үлкендердің мінез-құлқын бақылап, қайталауы сияқты факторлар да әсер етуі мүмкін.
"Балам өзін қариямын деп ойлайтын"
Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінде тағы бір ана ұлының кішкентай кезінен өзін жасы үлкен адамдай ұстап, ағылшын тілін тумысынан меңгергенін жазған. Оның айтуынша, баласы өзін "қариямын" деп сипаттаған.
"Ұлым өзін жасы келген қария болғанын айтатын. Тіпті ағылшын тілінде сөйлейтінін айтатын. Бала кезінен өзін үнемі жасы келген ақсақалдарша ұстайтын. Мінезі де жасына сай емес, өте ақылды, байсалды әрі салмақты болды. Оның әпкесі өзінен төрт жас үлкен, бірақ біз үнемі ұлымызды әпкесіне үлгі етіп отыратынбыз. Ағылшын тілін де туабітті жақсы білетін. Үнемі YouTube қосып, дәптерге сөздер жазатын. Бір қызығы, ол кезде әлі дұрыс жаза алмайтын. Бір күні қызымның репетиторы келді. Ұлым оған ағылшын тілін аударып берді. Кейін мәтінді өзі оқып, ағылшын тілінде түсіндірді. Осылайша біз ұлымыздың ағылшын тілін шынымен түсінетінін білдік. Егер оның бұрынғы өмірінде ағылшын тілі туған тілі болған деп есептесек, бұл жайттар бір-бірімен сәйкес келеді. Кейіннен олимпиадада ағылшын тілінен бірінші орын алды. Қазір де бұл тілде еркін сөйлейді", – деді ол.
"Қызым мені бұрын соңды көрмеген ваннада көргенін айтты"
Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі қызының өзі бұрын көрмеген көріністі дәл сипаттап бергенін айтып, таңданысын бөліскен.
"Қызым бірде мені қатты сағынғанын, жылап отырғанымды көріп, жаныма асығып келгенін айтты. Ең таңғаларлығы – ол мен отырған ваннаны да өте нақты суреттеп берді. Ал ол ваннаны қызым бұрын-соңды көрген емес. Мұндай жағдайдан кейін оның бұл көріністі қайдан білгені мен үшін жұмбақ болып қалды", – деді ол.
"Ұлым жертөледегі адамдарға нан беріп жүргенін айтты"
Тағы бір ана ұлының бес жасында бұрын-соңды естімегендей ерекше оқиғаны айтып бергенін еске алды.
"Ұлым бес жасында үйінің жертөлесінде отырған адамдарға нан беріп жүргенін айтты. Оның әңгімесін тыңдап отырғанымда, бір сәтте алдымда өзімнің балам емес, мүлде басқа адам тұрғандай әсерде қалдым. Өзін өте байыпты ұстады. Бала емес, ересек адам секілді. Кейін сапарымыз кезінде болған бірқатар оқиғадан соң бұл сезім де басылды. Бірақ баламның сол кездегі сөздері әлі есімде", – деді ол.
"Отыз жылдан кейін сол адамдарды қайта танығандай болдым"
Өзін регрессия кезінде өткен өміріне қатысты естеліктерді бастан өткердім деп санайтын тағы бір әйел бала күнінен түсініксіз түстер көргенін айтқан.
"Шамамен алты-жеті жасымнан бастап түсіме бұрын көрмеген, бірақ маған әлдебір себеппен таныс болып көрінетін адамдар кіретін. Олардың кім екенін арада отыз жылдай уақыт өткен соң түсіндім. Кейін сол адамдар мен оқиғалар туралы кітаптардан мәліметтер кездестіріп, біраз нәрсенің сәйкес келетінін байқадым.
Ең қызығы – ол естеліктер менің қазіргі өмірімдегі ойларым мен сөздеріме ұқсамайтын. Тіпті бір мүліктің кімге тиесілі болғанына дейін есіме түсті. Кейін кейбір деректерді өзім тексеріп, сәйкес келген тұстарын анықтадым. Сол себепті бұл жағдайды жай ғана түс деп қабылдай алмадым", – деді ол.
"Жан ата-анасын өзі таңдайды деп сенеді"
Ал тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы әйелінің адам жанының қайта дүниеге келетініне сенетінін жазған.
"Әйелім жанның қайта-қайта өмірге келетініне (реинкарнацияға) сенеді. Оның айтуынша, әрбір адамның артында жүздеген, тіпті мыңдаған ғұмыр тұруы мүмкін. Ол әрбір рух бұл жарық дүниеге келер алдында өз ата-анасын өзі таңдайды деп есептейді. Тіпті бір шаңыраққа келу үшін бірнеше жан кезек күтіп тұруы да ғажап емес дейді. "Ал кей жандар неліктен мүгедек болып өмірге келуді таңдайды?" деп сұрағанымда: "Олар өткен өмірінде көп қателік жіберген. Сол күнәларын жуып-шаю үшін осындай сынақты саналы түрде қабылдайды", – деп жауап берді", – деді желі қолданушысы.
Шанти Деви: "Өткен өмірін" айтқан үнді қызының оқиғасы қалай зерттелді?
Философия ғылымдарының докторы Жомарт Хамзабекұлы реинкарнацияға қатысты құжатталған деп саналатын кейстердің бірі ретінде Үндістандағы Шанти Деви оқиғасын мысалға келтіреді.
Оның айтуынша, Шанти Деви үш жасынан бастап өзінің бұрынғы өмірі туралы айта бастаған. Қыз өзін басқа отбасыда өмір сүргенін, күйеуі болғанын айтып, бұрынғы тұрғылықты жеріне қатысты мәліметтер берген. Кейін оның сөздеріне сәйкес келетін отбасы табылып, оқиға арнайы зерттеуге алынған.
"1926-1987 жылдар аралығында өмір сүрген үндістандық Шанти Деви туралы әңгіме қайта туудың зерттелген жағдайларының бірі. Шанти Үндістанның Дели қаласында жергілікті шенеуніктер отбасында дүниеге келген. Қыз үш жасқа толғанда “күйеуім, балаларым бар” деп айта бастайды. Алдымен ата-анасы бұған мән бермейді. Бірақ арадан екі жыл өткен соң кішкентай қыз өзінің басқа отбасы болғанын, аты Шанти Деви емес екенін, Кедар есімді күйеуі барын, басқа қалада тұрғанын айтып, өткен өмірін сипаттайды. Өзі тұрған көшені де нақты суреттейді. Содан кейін қыздың ата-анасы Кедар есімді адамның көрсетілген мекенжайда тұратынын тексеруге шешім қабылдайды. Шанти сипаттаған деректердің бірқатары шындыққа сәйкес келген. Бұл – сол кезеңнен бері зерттеушілер назар аударып келе жатқан оқиғалардың бірі", – деді Жомарт Хамзабекұлы.
Дегенмен мұндай кейстерді "реинкарнация ғылыми тұрғыда дәлелденді" деп қабылдау дұрыс емес. Ғылыми зерттеуде белгілі бір ақпараттың сәйкес келуі мен оның себеп-салдарын анықтау екі бөлек мәселе.
"Жанды дәлелдеу де, жоққа шығару да мүмкін емес": Философ не дейді
Философ Берік Аташтың пікірінше, реинкарнация мәселесін ең алдымен дін философиясы тұрғысынан қарастыру керек.
“Егер рационалды түрде ойласақ, жанның қайта дүниеге келуі немесе рухтың бір денеден екінші денеге көшуі қазір метафизикалық мәселе болып саналады. Яғни оны дәлелдеу де, жоққа шығару да мүмкін емес. Сондықтан бұл тақырып ғылыми және философиялық дискуссия ретінде талқыланып келеді. Әртүрлі халықтарда реинкарнация туралы түсінік әрқалай қалыптасқан. Оның пайда болу себептері туралы нақты бір тұжырым немесе ортақ концепция жоқ. Жалпы алғанда, реинкарнация дегеніміз – адамның жанының бір денеден екінші денеге көшіп, ауысуы туралы түсінік. Кейбір дүниетанымдарда жан адамнан адамға ғана емес, жануарларға, тіпті өсімдіктерге де ауысуы мүмкін деп есептеледі. Мұның тарихи негіздері де бар. Көне дәуірлерде адам мен жануардың табиғаты арасында ұқсастық бар деп қарастырылып, олардың жаны да бір-біріне жақын деген түсінік қалыптасқан. Мұндай сенімдер Үнді халықтарының дүниетанымында да кездеседі", – деді философ Берік Аташ.
Оның айтуынша, реинкарнация идеясының пайда болуын адамзаттың өлім мен мәңгілік туралы түсініктерінен бөлек қарауға болмайды.
“Ал реинкарнацияның пайда болуын прагматикалық тұрғыдан қарастырсақ, оның негізінде адамның мәңгілік өмірге деген қажеттілігі жатуы мүмкін. Егер адам тәнімен бірге жаны да өледі деп қабылдаса, бұл мәңгілікке із-түзсіз жоғалу, үмітсіздік пен жабырқау сезімін туғызуы ықтимал. Сондықтан жанның мәңгі өмір сүретіні туралы түсінік адамға белгілі бір сенім мен рухани тірек береді. Карма туралы түсінікті де тағдыр ұғымымен байланысты қарастыруға болады. Адамның генетикалық болмысына қарасақ, ата-анасындағы кейбір ерекшеліктер мен ауруларға бейімділік балаға берілуі мүмкін. Сол сияқты адамның дүниетанымы да оның өскен ортасына байланысты қалыптасады. Қай халықтың өкілі болса, қай дінді ұстанса, сол ортадағы мәдениет, діни түсінік пен дүниетаным адамның санасында және бейсанасында белгілі бір із қалдырады", – деді Берік Аташ.
"Исламда адам өмірге бір рет келеді": теолог пікірі
Ал теолог Бөкен Алмаз Айбарұлы реинкарнация ұғымының әр дінде әртүрлі түсіндірілетінін атап өтті.
"Бұл идея индуизмде, буддизмде, джайнизмде бар. Индуизмде адамның өмірге келуі кармамен байланысты деп түсіндіріледі. Мысалы, жақсы амалдар жақсы нәтижеге апарады. Буддизмде бұл діни-философиялық тұрғыдан күрделі мәселе. Реинкарнацияны жай ғана қайта туу деп түсіндіруге болмайды. Бұл ілімдердің ортақ тұсы – өліммен бәрі аяқталмайды деген түсінік", – деді теолог.
Оның айтуынша, исламда адамның бірнеше рет дүниеге келуі туралы түсінік қабылданбайды.
"Ислам тұрғысында адам өмірге бір рет келеді. Өмір сүреді, өледі, жерленеді, содан кейін барзақ әлеміне барады. Қияметте қайта тірілу туралы түсінік бар. Бірақ бұл реинкарнация емес. Ислам дүниетанымында бұл өмір – сынақ. Сондықтан адамның бір рет өмір сүруі оның өміріне деген жауапкершілігін арттырады", – деді Бөкен Алмаз Айбарұлы.
Маман реинкарнацияны дежавю сезімімен де шатастырмау керегін айтты.
"Дежавю – адамның белгілі бір жерді немесе жағдайды бұрын көргендей сезінуі. Бірақ бұл адамның бұрын өмір сүргенін дәлелдемейді. Мұндай сезімнің психологиялық себептері болуы мүмкін. Адам “Мен кіммін?”, “Өлгеннен кейін не болады?” деген сұрақтарға әрдайым жауап іздейді. Әлеуметтік желіден оқыған ақпарат та адамның реинкарнация туралы түсінігіне әсер етуі мүмкін", – деді теолог.
Балалар "өткен өмірі" туралы айтуды неше жастан бастап айтады
Вирджиния университетінің зерттеушілері сипаттаған жағдайларда балалар екі-үш жас шамасында "өткен өмірі" туралы айтуға көшеді. Олар басқа ата-анасы, отбасы, тұрғылықты жері, кәсібі немесе өлімі туралы әңгімелеуі мүмкін. Кейбір балалардың мұндай сөздері алты-жеті жасқа қарай біртіндеп тыйылады.
Зерттеушілер үшін маңыздысы – баланың әңгімесін жай ғана жазып алу емес, оның айтқан деректерін тексеру. Егер бала белгілі бір адамның атын немесе қаланы айтса, зерттеушілер сол мәліметке сәйкес келетін қайтыс болған адамды іздейді. Бұрынғы адамның туыстарымен сөйлесіп, құжаттарды, медициналық және өлім туралы жазбаларды салыстырады.
Университет дерегіне сәйкес, кей жағдайларда баланың мәлімдемелері нақты адамның өмірі мен өлімі туралы деректермен сәйкес келген. Зерттелген істердің бір бөлігінде баланың денесіндегі туа біткен дақтар немесе ақаулар қайтыс болған адамның денесіндегі жарақаттармен ұқсайтынын көрсеткен.
Ғалымдар неге әлі де зерттеп жатыр
Вирджиния университетінің зерттеушілері балалардың өткен өмір туралы айтатын жағдайларын зерттеп отырғанымен, бұл жұмыстар реинкарнацияның бар екенін түпкілікті дәлелдеді деген қорытынды жасамайды. Мұндай кейстердің дәлелдік деңгейі әртүрлі.
Зерттеушілер үшін баланың сөзі қаншалықты нақты болғаны ғана емес, ақпараттың балаға қалыпты жолмен жету мүмкіндігі де маңызды. Мәселен, бала бұрын теледидардан көрген немесе үлкендерден естіген ақпаратын өзі үшін жаңа оқиға ретінде қабылдауы мүмкін. Ата-ананың қойған сұрақтары мен баланың жауабына берген реакциясы да кейінгі естеліктің қалыптасуына әсер етуі ықтимал.
Сондықтан мұндай жағдайларды зерттегенде баланың алғашқы айтқан сөздерін мүмкіндігінше дәл тіркеу, ақпараттың қайдан шыққанын анықтау және кейінгі деректермен тәуелсіз салыстыру маңызды.
Яғни бір жағында – екі-үш жасынан бастап бұрынғы өмірі туралы өздігінен әңгімелейтін балалар, кейде нақты адамға сәйкес келетін деректер және ондаған жыл бойы жиналған мыңдаған кейс бар. Екінші жағында – жадының ерекшелігі, баланың қиялы, ақпараттың байқамай берілуі, кездейсоқ сәйкестіктер және мұндай оқиғаларды түсіндіретін психологиялық механизмдер туралы сұрақтар тұр.
Сондықтан бүгінде реинкарнацияны ғылым толық дәлелдеді немесе толық жоққа шығарды деп айтуға негіз жоқ.
Аптап ыстық 450 мың адамның өмірін қиюы мүмкін: Эль-Ниньо Қазақстанға қалай әсер етеді?