Ұлдана Мырзуан ісі: Жәбірленушілер МИБ төрайымынан 45 миллион теңгеден астам өндіруді сұрады
Астанада тұрғын үйдің қасбеті құлаған Ұлдана Мырзуан ісі бойынша екі жәбірленуші сотталушы, МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязовадан материалдық және моральдық зиянды өтеуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысында жәбірленушілер Калиева мен Нұрпейісованың өкілдері азаматтық талап арыздарын мәлімдеді.
Калиеваның адвокаты Сәуле Жұбаниязовадан 10 миллион теңге моральдық өтемақы және өкілдің қызметіне кеткен 500 мың теңге шығынды өндіруді сұрады. Бұдан бөлек, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын 53 мың теңге деп көрсетілді.
Ал Нұрпейісованың адвокаты жарақат салдарынан оның есту аппаратына мұқтаж болғанын айтты.
"Материалдық шығын көлемі 322 554 теңге. Моральдық зиянды 35 миллион теңгеге бағалап отырмыз. Нұрпейісованы азаматтық талапкер деп тануды сұраймыз. Оған есту аппаратын тұрақты пайдалану қажет. Аппарат белгілі бір уақыттан кейін ауыстырылуы тиіс. Сондықтан оны жоспарлы түрде ауыстыру үшін әр екі жыл сайын 960 мың теңге төлеу міндетін жүктеуді сұраймыз", – деді адвокат.
Осылайша, екі жәбірленуші мәлімдеген бір реттік талаптардың жалпы сомасы 45,8 миллион теңгеден асады. Бұған Нұрпейісованың есту аппаратын ауыстыру үшін әр екі жыл сайын сұралып отырған 960 мың теңге кірмейді.
Алматылықтарды жөндеу жұмыстарынан көтерілген шаң әбігерге салды: Дәрігер мұның денсаулыққа қандай қаупі туралы айтты
