Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол да ана, мен де ана. Оның балаларынан тірідей айырылғанын қаламаймын": Ұлдананың анасы сотта өтініш жасады

Ұлдана
Фото: видеодан скриншот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. Жарыссөзде марқұмның анасы Сәлима Ешенқұлова мен бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел өз ұстанымдарын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлдананың анасы соттан істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, әділ шешім шығаруды сұрады. Ол Сәуле Жұбаниязова кінәлі деп танылған күннің өзінде, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.

"Сәуле Жұбаниязова да ана, мен де анамын. Оның екі баласы бар. Мен Алланың, тағдырдың қалауымен қызымнан айырылдым. Ал оның балаларының анасынан тірідей айырылғанын қаламаймын. Егер кінәлі деп танылса, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраймын. Ақша менің Ұлданамды қайтармайды, ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын, тынысын қайтара алмайды", – деді Сәлима Ешенқұлова.

Ал Ұлдананың бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел отбасы болған жағдайға бір ғана адамды кінәлі деп отырған жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, ең маңыздысы – қайғылы жағдайға не себеп болғанын толық анықтау.

"Біз шындықтың анықталғанын қалаймыз. Үйді салған, құрылысты қадағалаған, оны қабылдаған адамдардың бәрі өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені олардың әрбір ұсақ қателігінің соңы біздікіндей ауыр қайғыға әкелуі мүмкін. Ешқандай үкім біз жоғалтқан адамды қайтармайды, 8 қарашаға қайта оралып, болған жағдайды өзгерте алмаймыз. Сондықтан шешімді соттың қарауына қалдырамыз және әділ шешім қабылданады деп сенеміз", – деді Әділет Зейнел.

Еске салсақ, 2025 жылғы 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің сыртқы қасбеті опырылып, бірнеше адам зардап шеккен еді. Оқиға орнына көмек көрсетуге барған 23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан ауыр жарақат алды. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, Ұлдана 18 қарашада көз жұмды. Ол бес жыл бойы фельдшер болып жұмыс істеген және қайғылы оқиғадан бірнеше апта бұрын ғана тұрмысқа шыққан еді.

Stan.kz
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 12:20