Алматылықтарды жөндеу жұмыстарынан көтерілген шаң әбігерге салды: Дәрігер мұның денсаулыққа қандай қаупі туралы айтты
Алматыда биыл жол жөндеу, абаттандыру және құрылыс жұмыстары қаланың көптеген бөлігінде қатар жүріп жатыр. Соған байланысты кейінгі бірнеше айда шаңға шағымданған тұрғындар да көбейді. Әлеуметтік желіде алматылықтар жөнделіп жатқан көшелер мен құрылыс алаңдарының маңында ауаға қалың шаң көтерілетінін айтып, видео мен жазба жариялап жүр. Кей тұрғындар мұндай шаң тыныс алуды қиындатып, аллергия белгілерін күшейткенін де айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселен әлеуметтік желі қолданушыларының бірі қаладағы шаңға назар аударып:
“Бұл не, көмірдің шаңы ма? Алматы, кім біледі?”, – деп жазған.
Тағы бір тұрғын қалада шаң мәселесі бірнеше айдан бері басылмай келе жатқанын айтып, "Алматы әкімдігіне қаладағы жарты жылдық шаң үшін рақмет` деп наразылығын білдірген.
Ал тағы бір жазбада жағдай одан да өткір сипатталады.
“Алматы. Сұмдық шаң. Құрылыс шаңы. Барлық жерде. Құрылыс жұмыстарын жүргізудің ешқандай тәртібі сақталмайды. Шаңды басу шаралары жоқ. Адамдардың бәрінде аллергия”, – деп жазған қала тұрғыны.
Желі қолданушыларының бір бөлігі шаңмен бірге қаладағы ұзаққа созылған құрылыс пен жөндеу жұмыстарына да шағымданады.
“Қаланың бәрін шаң басқан. Қыркүйектің ортасы болды, айналаның бәрінде әлі құрылыс жүріп жатыр. Бір жерде асфальт ауыстырады, екінші жерде кеспекше қайта салынып жатыр. Ал тұрғындар күн сайын шаңға, кептеліске және қолайсыздыққа тап болады”, – делінген жазбалардың бірінде.
Тағы бір алматылық биылғы жазды “ең шаңды жаз” деп атаған.
“Биыл тіпті қиын болды. 2026 жылдың ең шаңды жазы үшін әкімдікке рақмет. Қаланың әр жері қазылып жатыр”, – деп жазған ол.
Ал кей тұрғындар мәселені тек қолайсыздық емес, жұмысшылардың денсаулығы тұрғысынан да көтеріп отыр.
Жол жөндеу жұмыстары туралы жазбалардың бірінде:
“Алматыда жөнделіп жатқан көшенің жанынан өткенде тісіңізге құм сықырлағанын сезесіз бе?” – деген сұрақ қойылған.
Автордың айтуынша, жаяу жүргінші үшін бұл жай ғана жағымсыз әсер болуы мүмкін. Ал жиектас мпен бетонды кесіп жүрген жұмысшылар шаңмен әлдеқайда ұзақ әрі жақын байланыста болады. Жазба авторы бетон мен жиектасты құрғақ тәсілмен кескенде кристалды кремний диоксиді бар шаң бөлінуі мүмкін екенін айтып, мұндай жағдайда арнайы қорғаныс құралдарының қажет екенін жазған. Ол қарапайым медициналық масканың жеткіліксіз болуы мүмкін екенін, шаңды азайту үшін кесетін құралға су беру және арнайы респиратор қолдану керегін атап өтті.
Stan.kz Алматы қаласының әкімдігіне құрылыс шаңына қатысты түсініктеме алу үшін жүгінді. Редакция кейінгі бір айда шаңға байланысты қанша шағым түскенін, тұрғындар көбіне қай нысандарға наразы екенін және мердігерлерге шаңды басу бойынша қандай талап қойылатынын сұрады.Сондай-ақ шағым айтылған аудандарда ауадағы ластаушы заттар мөлшерінің шекті деңгейден асу деректері тіркелді ме деген сауал қойылды.
Материал жарияланған сәтте әкімдік жауап берген жоқ.
Дәрігер не дейді?
Stan.kz құрылыс шаңы шынымен аллергия туғыза ма, аллергиясы жоқ адамның да тыныс жолдарына зиян келтіре ме және одан қалай қорғануға болады деген сұрақтарды жоғары санатты аллерголог-иммунолог, медицина ғылымдарының докторы, ҚазҰМУ жалпы иммунология кафедрасының профессоры, “Рахат” аллергоорталығының жетекшісі Таир Нұрпейісовке қойды.
Құрылыс шаңы аллергия туғыза ма?
Таир Нұрпейісовтің айтуынша, көшедегі жөндеу жұмыстары кезінде негізінен бейорганикалық шаң түзіледі. Ал аллергия көбіне органикалық қосылыстарға, бірінші кезекте ақуыздарға дамиды.
“Дәрігер ретінде айтарым, сырттағы жөндеу жұмыстары негізінен бейорганикалық шаңның түзілуімен қатар жүреді. Ал аллергия әдетте органикалық қосылыстарға, бірінші кезекте ақуыздарға дамиды”, – деді ол.
Дегенмен маман бейорганикалық шаңды жұту да денсаулыққа қауіп төндіретінін айтты.
“Соған қарамастан бейорганикалық бөлшектерді жұту созылмалы өкпе ауруларына оңай әкеп соғуы мүмкін. Мұны шахтерлердің, кеніштер мен карьерлерде жұмыс істейтін адамдардың кәсіби ауруларынан көруге болады. Әрине, аллергиясы бар адамдарымызға да мұның денсаулық қоспайтыны түсінікті”, – деді аллерголог-иммунолог.
Қандай белгілерге мән беру керек?
Дәрігердің айтуынша, шаңның әсерінен болатын белгілер аллергия белгілеріне ұқсап кетуі мүмкін.
“Жалпы белгілері ұқсас. Жөтел, тамақтың құрғауы мен жыбырлауы, көздің ашуы, іріңсіз қақырық, шырыш, физикалық күш түскенде ентігу болуы мүмкін. Дәрігерге, аллергологқа немесе пульмонологқа қаралуға кеңес беремін”, – деді Таир Нұрпейісов.
Маман әсіресе бірнеше күнге созылған және түнде мазалайтын белгілерді елемеуге болмайтынын ескертті.
“Бірнеше күн бойы пайда болатын, әсіресе түнде, ұйқы кезінде байқалатын белгілерді мүлде елемеуге болмайды. Дереу дәрігерге қаралыңыз”, – деді ол.
Шаңнан қалай қорғануға болады?
Аллерголог-иммунолог жөндеу жүріп жатқан көшеге қарайтын терезелерді ашпауға, үйге кірер алдында сырт киімдегі шаңды қағып алуға кеңес береді. Сондай-ақ сапалы москит торларын, сүзгілері тұрақты ауыстырылатын желдету жүйесін, су сүзгісі бар шаңсорғыштар мен ауа тазартқыштарды пайдалануды ұсынды. Көлікпен жүргенде терезені жауып, рециркуляция режимін қосқан дұрыс.
Ал қарапайым медициналық маскаға дәрігер көп сенім артпауға кеңес береді.
“Кәдімгі медициналық маскалар сізді құтқармайды. Олар пациенттерді дәрігерлерден қорғау үшін жасалған. Керісінше емес. Шығару клапаны бар сапалы респираторлар әлдеқайда тиімді”, – деді аллерголог-иммунолог.
Сөз соңында Таир Нұрпейісов Алматының тумасы әрі тұрғыны ретінде қаладағы жөндеу жұмыстарының нәтижесі ұзаққа жетеді деп үміттенетінін айтты.
“Жалпы, Алматыда туып-өскен әрі осы қаланың тұрғыны ретінде осы құрылыстың бәрі бекер емес, бір-екі жылға ғана жасалып жатқан жоқ және жақын арада аяқталады деп үміттенемін”, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар бұрын-соңды болмаған ауру белгілеріне шағымданғаны хабарланған еді. Желіде қазақстандықтар күз басталғалы ауада әлдебір вирус тарап, жаппай ауырып жатқанын жазды. Ауру белгілері бәрінде бірдей: тамақ ауыру, мұрыннан су ағу, әлсіздік, ЖРВИ-ға ұқсас бірақ дене қызуы жоқ. Олар сырқаттың емін таппай жатқанын айтты.
