Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматылықтар лық толы автобустар мен троллейбустарға шағымданды

кептеліс
Фото: Видеодан скрин

Оқу жылы басталғалы Алматыда қоғамдық көлікке түсетін жүктеме айтарлықтай артқан. Таңертең мектеп оқушылары мен студенттер, кешке жұмыстан қайтқан тұрғындар автобустар мен троллейбустарды лық толтырып жатыр. Қала әкімдігі мәселені шешу үшін қосымша 500 автобус шығарғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Көптеген алматылықтың таңы лық толы автобус немесе троллейбусқа мінуге талпыныспен басталады. Оқу жылы басталғалы жолаушылар саны айтарлықтай артқан. Қала тұрғындарының айтуынша, әсіресе метро станцияларының, мектептер мен университеттердің маңында қоғамдық көлікке отыру қиын.

"Автобусқа кірудің өзі өте қиын, студенттер өте көп. Әрине, студенттердің қалада болғаны жақсы, әсіресе біздің аудан студенттер көп шоғырланған жер. Бірақ, шынын айтқанда, 1 қыркүйектен бері қоғамдық көлік мәселесі қиындап кетті", "Кейде автобустан итеріп шығарып жіберетін кездер болады. Соның кесірінен сабаққа кешігесің", "Қыркүйек басталғалы студенттердің көбейгені байқалады. Әсіресе 38-маршрут пен №11 троллейбус сияқты университеттердің маңынан өтетін бағыттар таңертең үнемі лық толы", – дейді алматылық тұрғындар.

Осы мәселе туралы автобус жүргізушілері де айтып отыр. Олардың сөзінше, салонның шамадан тыс толуына байланысты көлікті баяу әрі абайлап жүргізуге тура келеді. Автобус жүргізушісі Мадияр Әбілдаев қарбалас уақытта жолдағы кептеліс жағдайды одан әрі қиындатанын айтады.

"Қыркүйек айынан бастап мектеп оқушылары мен студенттер көбейді. Автобусқа адам сыймай жатыр. Сол себепті баяуырақ жүруге тура келеді, одан кешігеміз. Осылайша, белгіленген кестеге үлгере алмай қаламыз", – деді автобус жүргізушісі Мадияр Әбілдаев.

Кешкі қарбалас уақытта да жағдай күрделене түседі. Бұл кезде алматылықтардың көбі жұмыстан үйіне қайтады. Сағат 18:00-ден кейін аялдамаларда адам қарасы көбейеді. Автобустар аялдамаға толып келеді, сондықтан жолаушылардың барлығы бірдей ішке кіре алмайды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, оқу жылы басталған кезде жолаушылар ағынының артатыны алдын ала ескерілген. Қазір қала бағыттарында 3700-ден астам автобус қатынайды. Оның 500-і қосымша шығарылған көліктер. Мамандардың айтуынша, әдетте қоғамдық көлікпен айына шамамен 1 миллион жолаушы жүреді. Ал қыркүйек айында бұл көрсеткіш шамамен үштен бірге артады. Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының бас маманы Ержан Чегебаевтың айтуынша, жолаушылар ағыны үнемі өзгеріп отырады. 

"Алғашқы екі аптада тұрғындар өздеріне қолайлы бағыттарды таңдап жатады. Әдетте жолаушылар ағынында 400 мыңға жуық сапар айырмашылығы болады. Яғни көрсеткіш шамамен 400 мың сапарға артады", – деп түсіндірді Ержан Чегебаев.

Резервтегі автобустарды жақын арада бағыттардан алып тастау жоспарланып отырған жоқ. Олар нақты жүктемеге қарай бөлінеді. Қай бағытта жолаушылар саны артса, сол жерге қажет болған жағдайда қосымша автобустар шығарылады. Алайда мәселені тек қосымша автобустар шығару арқылы шешу жоспарланып отырған жоқ.

"Қоғамдық көлікті дамытумен қатар, көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жаңа автобус жолақтарын ұйымдастыру, жоспарланған көлік-логистикалық тораптарды салу, метро желілерін дамыту, сондай-ақ LRT мен SkyTrain жобаларын іске асыру көзделген. Осы шаралардың барлығы кешенді түрде жүзеге асса, қала тұрғындарының қала ішінде кедергісіз қозғалуына мүмкіндік береді", – деді Ержан Чегебаев.

Мамандардың болжамынша, жаңа оқу жылына бейімделу кезеңі аяқталған соң, алдағы бірнеше аптада қоғамдық көліктің шамадан тыс толып кетуі біртіндеп азаяды.

Еске салайық, бұған дейін 1 қыркүйекте Алматы көшелеріне оқу жылының басталуына байланысты резервтен 500-ге жуық қосымша автобус шығарылған еді. Қоғамдық көлікке түсетін жүктемені азайту үшін метро пойыздарының саны да 11-ден 13-ке көбейтілді. Сонымен қатар 60 мектепке 300 автобус бөлініп, 13 мыңнан астам оқушыны тасымалдау ұйымдастырылған. Әкімдік қыркүйектің алғашқы күндерінде көлік қозғалысы күшейетінін ескеріп, тұрғындарға қоғамдық көлікті пайдалануды және сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынған.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 08 Қыркүйек, 2026 10:10