Алматыда 1 қыркүйекте 500-ге жуық қосымша автобус шығады
Алматыда жолда жаңа оқу жылы басталысымен әдеттегідей көлік қозғалысы күшейеді. Қала әкімдігі кептелісті азайтып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыркүйектің алғашқы күндерінде жолдағы қозғалысты жеңілдету үшін қалада бірқатар қосымша шара қолға алынады. Олар қоғамдық көліктің жұмысын реттеуге және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Өзгеріс автобус пен метро қозғалысына, оқушыларды тасымалдауға, мектеп маңындағы қауіпсіздікке, сондай-ақ қалалық қызметтер мен ұйымдардың жұмыс кестесіне қатысты.
Мектептерге 300 автобус қатынайды
Алматыдағы 60 мектепке 300 автобус бөлінеді. Арнайы көлік 13 мыңнан астам оқушыны тасымалдайды. 1 қыркүйек күні таңертең білім беру мекемелерінің маңында, жаяу жүргіншілер өткелінде және қозғалысы қарқынды учаскелерде 470 полиция қызметкері кезекшілік атқарады.

Әкімдік ата-аналардан көлікпен мектептің дәл кіреберісіне дейін бармауды және баланы түсіретін қауіпсіз орынды алдын ала белгілеуді сұрады.
Қалаға қосымша 500 автобус шығарылады
Оқу жылының алғашқы екі аптасында қоғамдық көлік жұмысы күшейтіледі. Қазір Алматы бағыттарында 3200 автобус жүрсе, резервтен тағы 500 көлік шығарылады.
“Қосымша автобустар жолаушысы көп бағыттарға жіберіліп, қарбалас уақытта қозғалыс аралығын қысқартуға тиіс”, – делінген хабарламада.
Метро желісіндегі пойыз саны 11-ден 13-ке көбейеді. Таңертеңгі қозғалыс аралығы үш минутқа дейін қысқарады.
Ауыр жүк көлігіне бақылау күшейеді
Қыркүйектің алғашқы аптасында жүк көлігінің қозғалысы қатаң бақыланады. Салмағы сегіз тоннадан асатын көліктерге белгіленген учаскелермен сағат 07:00-ден 22:00-ге дейін жүруге тыйым салынған.
Шектеу қаланың тіршілігіне қажет тауар мен қызметті тасымалдайтын көлікке қолданылмайды.
Қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуі мүмкін
Қала орталығында орналасқан ірі компанияларға, банктер мен өзге ұйымдарға қыркүйектің алғашқы күндері қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру немесе жұмыс күнін икемді кестемен бастау ұсынылды.
“Әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдары да 1-5 қыркүйек аралығында қызметкерлерінің бір бөлігін қашықтан жұмыс істеуге көшіру шараларын қабылдайды”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Қала тұрғындарына таңғы қарбалас уақытта жеке көлікпен аса қажет емес сапардан бас тартып, бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылды. Әкімдік мүмкіндік болса, автобус пен метроны пайдалануға шақырды.
Экстремизм мен терроризм үшін 14 жастағы азамат жауапкершілікке тартылады: Жат ағымның қаупі мен салдары