Тоқаев "шала", "асфальттағы қазақ" және "нағыз қазақ" деп бөлуді сынады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясында қоғамды ауылда тұратын "нағыз қазақтар" мен қаладағы "асфальттағы" немесе "шала қазақтарға" бөлуге болмайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент жазушыларды қала тақырыбына арналған шығармаларға көбірек көңіл бөлуге шақырды. 24 қыркүйекте Астанада Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы өтті. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қалалық мәдениетті дамыту мәселесіне тоқталды.
Президенттің айтуынша, қоғамда ауыл тақырыбына көп көңіл бөлінеді. Алайда әлемде урбандалу үрдісі күшейіп, қала сапалы өмір сүру үшін негізгі орталыққа айналып келеді.
"Біз ауыл туралы көп айтамыз. "Ауыл – халқымыздың алтын бесігі" деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл дұрыс. Бірақ қазір бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма? Бәрімізге белгілі, дүние жүзінде "урбанизация" атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет: қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет", – деді Тоқаев.
Тоқаевтың айтуынша, кейбір жазушылар қалада тұрып жатқан жастарды екіге бөлетін болған.
"Біріншісі – қалаларда тұрып жатқан "асфальт қазағы" немесе "шала қазақ", екіншісі – нағыз ауыл қазақтары. Бұл дұрыс емес. Қазір қалаларда өмір сүріп жатқан жастарымыз қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алып жатыр. Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ. Осыған байланысты таяуда Мәдениет және ақпарат министрлігіне тапсырма бердім. Жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби сайыстар өткізуіміз керек. Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ", – деп тоқталды Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің қоғамдағы рөлін бірнеше рет атап өткен еді. Президент мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту өзге тілдерден бас тарту немесе оларды шеттету дегенді білдірмейтінін айтқан. Сонымен қатар ол тіл мәселесін қоғамды бөлудің құралына айналдырмай, ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудың маңызын атап өткен еді.
Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді
