"Ешқандай үкім бізге адамды қайтарып бере алмайды": Ұлдана Мырзуанның экс-күйеуі сотта сөйледі
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сот жарыссөзінде марқұмның жұбайы Әділет Зейнел сөз сөйледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әділет Зейнел отбасы болған жағдайға бір ғана адамды кінәламайтынын және мүлік иелерін бірлестігінің төрайымы Сәуле Жұбаниязованы марқұм Ұлдананың өліміне тікелей кінәлі деп санамайтынын айтты.
"Бұған дейін де айтқанымдай, біз ешкімді айыптамаймыз және болған жағдайға бір ғана адам кінәлі деп отырған жоқпыз. Біз шындықтың анықталғанын қалаймыз. Жұбаниязованы Ұлдананың өліміне тікелей кінәлі деп айыптап отырған жоқпыз", – деді ол.
Әділет Зейнелдің айтуынша, отбасы үйдің құрылысына, оның қауіпсіздігіне және нысанды кейін пайдалануға жауапты болған барлық тараптың өз жауапкершілігін сезінгенін қалайды.
"Осы құрылысты бақылаған, үйді қабылдаған, салған және оған қызмет көрсеткен адамдар өз жұмысының сапасына жауап берсе дейміз. Өйткені олардың кішкентай ғана салғырттығының өзі бізде болған қайғылы жағдай сияқты ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінуі керек", – деді марқұмның жұбайы.

Ол қандай жаза тағайындалса да, оның Ұлдананы қайтара алмайтынын атап өтті.
"Біз ешкімді айыптап отырған жоқпыз, құрметті сот. Қандай үкім шықса да, тіпті біреуді кінәлі деп тапқанның өзінде, ол бізге айырылып қалған адамды қайтармайды. Бізді 8 қарашаға қайта апарып, бәрін бұрынғыдай ете алмайды", – деді Әділет Зейнел.
Жаза мәселесін ол соттың қарауына қалдырды.
"Бәрін сіздердің шешімдеріңізге қалдырамыз. Құрметті сот, сіздер басқа үй салатын адамдарға және мүлік иелері бірлестігінің төрағаларына сабақ болатын, өз жұмыстарын адал әрі жауапкершілікпен атқаруға түрткі болатын дұрыс шешім қабылдайсыздар деп ойлаймыз", – деп сөзін қорытындылады ол.
Айта кетейік, бүгін сотта Ұлдана Мырзуанның жақындары материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап қойған. Талаптардың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады. Сәуле Жұбаниязова талаптарды мойындамаған және өзінің кінәсі жоқ екенін тағы да мәлімдеген.
Іс бойынша не белгілі
Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталған. Істі судья Меруерт Абаева қарап жатыр. Сотталушы ретінде үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова қатысып отыр. Іс Қылмыстық кодексінің 254-бабы "Міндеттеріне жосықсыз қарау" бойынша қаралып жатыр.
Сот отырыстарында марқұмның жұбайы мен анасы, зардап шеккендер, куәгерлер, құрылыс саласының мамандары және сотталушы жауап берді. Іс материалдарын зерттеу барысында үйдің қасбетіндегі проблемаларға қатысты куәгерлердің көрсетулері тыңдалып, техникалық сараптама қорытындысы жарияланды. Сараптамада ғимарат қасбетінің құлауына әкелген себептер көрсетілген. Бұған дейін құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева үйдегі жобалық сәйкессіздіктерді "баяу әсер ететін минаға" теңеген. Ал техникалық қадағалау маманы Денис Воробьев қасбеттегі ақау белгілері құлау оқиғасына дейін пайда болғанын айтқан.
17 қыркүйекте тергеуші сотта Сәуле Жұбаниязова МИБ төрайымы қызметін атқарған кезеңде қажетті жұмыстарды орындамағанын мәлімдеді.
Сот процесі ашық форматта өтіп жатыр.
Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді