Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді
Алматыда жабайы жануарлардың қалаға жақындауы жиілеп, тұрғындар арасында алаңдаушылық туып отыр. Қар барыстарының таудан төмен түсуі, түлкілердің қала ішіне кіруі нені білдіреді? Мұның бәрі азық қорының азаюы мен Көк-Жайлау экожүйесіндегі өзгерістерге байланысты болуы мүмкін бе? Осыған байланысты Зоология институты Териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачевтен сұхбат алдық.
Алматыда жабайы түлкінің қала ішінде, Dostyk Plaza маңында жүргені әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Оқырмандардың айтуынша, қалаға жабайы жануарлар жиі келе бастаған. Кейбірі мұндай жағдайды таудағы азық қорының азаюымен байланыстырса, енді бірі жануарлардың мекен ету ортасына адам әрекетінің әсері болуы мүмкін екенін жазған.
"Тамақ іздеп жүр ғой, аш қой" деді оқырмандардың бірі түлкі туралы пікір білдіріп. Тағы бір қолданушы жабайы жануарлардың қалаға келуіне таудағы, әсіресе, "Көкжайлаудағы" құрылыс жұмыстары мен арнайы техниканың әсері болуы ықтимал деген пікір білдіріп, олардың дыбысынан жануарлар үркіп, елді мекендерге қарай ығысуы мүмкін екенін жазған.
Ал кейбіреуі жабайы жануарлардың қала ішінде жүруі адамдар үшін қауіп тудыруы мүмкін екенін айтып, әсіресе жануардан жұғуы ықтимал ауруларға алаңдаған. Оқырмандардың бірі түлкімен жақын байланыс немесе тістеп алу жағдайында құтыру (бешенство) қаупі болуы мүмкін екенін айтып, тиісті қызметтердің мұндай жағдайларға назар аударуы қажет екенін жеткізген.
Осы ретте редакция жабайы жануарлардың қалаға келуінің нақты себебін маманнан сұрап көрді. Dostyk Plaza маңынан байқалған түлкіге қатысты маман жағдайға қалыпты құбылыс ретінде қарауға болатынын айтты. Алексей Грачевтің сөзінше, сауда орталығы қаланың жоғарғы бөлігінде, Әл-Фараби даңғылына жақын орналасқан. Бұған дейін қаланың шекарасы да осы даңғылдың бойымен аяқталған.
"Түлкілер саны көбейіп, таралу барысында жаңа аумақтарға қоныстануы мүмкін. Олар қорғалатын нысан болғандықтан, Ұлттық парк аумағында көбейіп, кейін басқа жерлерге таралады. Сол кезде қалаға кіріп кетуі немесе қорек іздеп қала аумағына келуі мүмкін. Мысалы, Лондонда да қояндар мен түлкілер қала ішінде, тіпті король сарайының маңында тіршілік етеді. Бұл қалыпты жағдай. Бізде де көгершіндер адамнан қорықпай, барлық жерде жүр. Қалалық егеуқұйрықтар да бар. Олар түлкілер үшін табиғи қорек көзі болуы мүмкін. Оның үстіне түлкі адамға жақын жерде өмір сүре алатын синантропты түр", – деп түсіндірді Зоология институтының өкілі.
Дегенмен зоолог Алексей Грачев түлкілер түрлі аурулардың, соның ішінде құтырудың тасымалдаушысы болуы мүмкін екенін де ескертеді. Алексей Грачев түлкілердің қалада жүргеніне байланысты аса ерекше жағдай жоқ екенін айтады.

Бұдан бөлек, ол мегаполис таудың етегінде орналасқан және қала Ұлттық парктің шекарасымен түйісіп жатқанын ерекше атап өтті.
"Әрине, қауіпсіздік шараларын сақтау керек. Жабайы жануарларға жақындауға болмайды. Әсіресе құтыру мәселесіне мән берген жөн. Осы кезде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі, инспекция және басқа да тиісті органдар жұмыс істеуі қажет. Біріншіден, мұндай процестерге тұрақты мониторинг қажет. Ғылыми зерттеулер жүргізіп, жағдайдың қаншалықты жиі болатынын, аурулардың таралу деңгейін және оның адам өмірі мен денсаулығына қаншалықты қауіп төндіретінін бақылау керек", – дейді зоолог.
Териологтың айтуынша, қар барыстарының таудан бұрынғыдан төмен түсіп жүргені туралы пікір толық дұрыс емес. Айта кетейік, териолог – сүтқоректілерді зерттейтін зоология саласының маманы. Ол жабайы жануарлардың тіршілігін, таралуын, санын, мекен ету ортасын және мінез-құлқын зерттейді.
"Қар барыстары төмен түскен жоқ, бұл олардың табиғи мекен ету ортасы. Керісінше, адамдар тауға көптеп көтеріліп, оларды телефонға түсіре бастады. Сондықтан қазір мұндай ақпарат көпшілікке жиі тарап отыр. Оған қоса, Ұлттық парк қала шекарасымен тікелей шектесіп жатыр. Бізде қала аумағы Қырғызстан Республикасының шекарасына дейін созылып жатыр. Осындай жағдайда қала мен табиғи аумақтың шектесуі – қалыпты құбылыс. Ұлттық парктің құрылғанына 30 жылға жуық уақыт болды. Осы кезеңде жануарлардың саны, соның ішінде қар барыстары мен түлкілердің саны да көбейді. Сондықтан олар адамдардың көзіне жиірек түсіп жүр", – деп түсіндірді зоолог Алексей Грачев.

Маманның айтуынша, күзде тауға қар түскен кезде таутеке мен елік секілді тұяқты жануарлар төмен түседі. Ал жыртқыштар қорек іздеп, олардың соңынан төмен қарай ығысады.
Сондықтан бұл кезеңде жабайы жануарлардың қалаға жақын аумақта байқалуы заңды.
"Өзім үнемі айтып жүргендей, мәселе "жануарлар бізге түсіп жатыр" дегенде емес. Керісінше, біз олардың мекен ету ортасына қарай көтеріліп барамыз. Мысалы, Алтайдағы қар барысының табиғи мекен ету ортасы теңіз деңгейінен шамамен 1200 метр биіктен басталады. Былайша айтқанда, ол біздің Көк-Төбенің деңгейіндей. Яғни осы биіктік қар барысының табиғи мекен ету ортасына жатады. Ал күзде тауға қар түскен кезде жағдай өзгереді. Қазір биік тауларда қар жауды. Соған байланысты таутеке, елік сияқты тұяқты жануарлар төменірек түседі. Ал жыртқыштар өз жемтігін іздеп, олардың соңынан төмен қарай ығысады.
Бұдан бөлек, зоолог Алексей Грачевтен "экожүйенің өзгеруі немесе бұзылуы, қорек қорының азаюы не басқа да антропогендік факторлармен байланысты болуы мүмкін бе" деп сұрадық.
"Қазір біз Көк-Жайлауда мониторинг жүргізіп жатырмыз. Қазір жағдай қалыпты деп айтуға болады. Адамдар үшін құрылысқа бөлінген учаскелердің өзі игеріліп қойған, сол жерлерде экожүйенің және жануарлардың мекен ету ортасының деградациясы жүріп жатыр. Бірақ құрылыс жүргізілетін аумақтардан тыс жерлерде жануарлар жеткілікті. Әзірге оларға айтарлықтай қауіп төніп тұрған жоқ. Қар барысы да, аю да, сілеусін де, жалпы жабайы жануарлардың жағдайы әзірге жақсы", – дейді Зоология институтының өкілі Алексей Грачев.
Маманның айтуынша, адамдар да жабайы жануарлардың табиғи ортасына кедергі келтірмеуі керек. Атап айтқанда, таудағы қараусыз иттер, қоқыс, сондай-ақ шу мен жарықтың шамадан тыс болуы экожүйеге кері әсер етеді. Сондықтан табиғи ортадағы тепе-теңдікті сақтап, жануарлардың мекен ету ортасына барынша араласпау маңызды екенін айтты.
Еске салайық, қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енген, сирек кездесетін жабайы жануарлардың бірі. Алматы маңындағы таулар оның табиғи мекен ету аймағына жатады. Кейінгі уақытта таулы өңірлерде қар барысын туристердің кездейсоқ байқап қалуы әлеуметтік желілерде жиі талқыланып жүр.
Мамандар қар барысын көрген жағдайда оған жақындамауға, соңынан қумауға және жануардың жолын бөгемеуге кеңес береді. Сондай-ақ оның нақты орналасқан жерін жарияламау маңызды, өйткені бұл сирек жануардың қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
Түлкілер неге қала ішіне емін-еркін кіріп, қар барыстары төмен түсті: Зоолог Алматыдағы жағдайды түсіндірді