Қазақстанда ВИЧ және СПИД жұқтырғандарға мемлекеттен қанша өтемақы төленеді
Қылмыс салдарынан адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) немесе жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) жұқтырған азаматтар мемлекеттен біржолғы қаржылай көмек ала алады. Өтемақы кінәлі адамның табылғанына немесе келтірілген шығынды өтегеніне қарамастан төленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда ауыр құқық бұзушылықтан зардап шеккендерге осындай бастапқы қаржылай қолдау көрсету үшін "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" заң қолданылады.
Заң бойынша өтемақы алуға бірнеше санаттағы азаматтардың құқығы бар. Олардың қатарында жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толмағандар, адам саудасы мен азаптаудың құрбандары, сондай-ақ қылмыс салдарынан денсаулығына ауыр зиян келген немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдар бар. Егер жәбірленуші қайтыс болса, өтемақыны оның заңды өкілдері немесе жақын туыстары ала алады.
Төлем бір рет беріледі. Оның мөлшері қылмыстың санатына қарай 30-дан (129 750 теңге) 50 айлық есептік көрсеткішке (216 250 теңге) дейін есептеледі.
Өтемақы алу үшін жәбірленуші деп танылған күннен бастап үш жыл ішінде өтініш беру керек. Тергеуші немесе анықтаушы азаматты жәбірленуші деп таныған кезде оған өтемақы алу құқығы мен өтініш беру тәртібін түсіндіруге міндетті.
Өтінішті банк шотын көрсете отырып, қылмыстық істі жүргізіп жатқан тергеушіге немесе анықтаушыға беруге болады. Құжаттар рәсімделгеннен кейін ақша қолма-қол емес тәртіппен аударылады. Маңыздысы, өтемақыны алу жәбірленушінің сот арқылы кінәлі адамнан материалдық және моральдық зиянды толық өтеуді талап ету құқығын шектемейді.
Қосымша ақпарат алу үшін азаматтар қылмыстық іс қаралып жатқан жердегі құқық қорғау органдарына жүгіне алады.
Еске салайық, Қызылордада 2024 жылы 22 қыркүйекте әйел облыстық перинаталдық орталыққа жеткізіліп, 23 қыркүйекте босанған. Қан кету салдарынан оған екі рет ота жасалып, қан құйылған. Кейін әйелден АИТВ инфекциясы анықталған. Оған қан құю үшін 12 донордың қаны пайдаланылғаны айтылған. Алайда донорлардың бастапқы талдауларынан вирус анықталмаған болып шықты. Нәрестенің де алғашқы талдауы теріс нәтиже көрсеткен.
Кейін 2025 жылғы 26 наурызда енсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова инфекция көзі болуы мүмкін адамның қан тапсырған кезінде АИТВ жұқтырғанын, бірақ сол сәттегі зертханалық талдау вирусты анықтамағанын мәлімдеді. Министр мұны инфекцияның "терезе кезеңімен" түсіндірді. Яғни адам вирус жұқтырғанымен, белгілі бір уақыт аралығында тест инфекцияны анықтамауы мүмкін.
Ал Атыраудағы жағдай Қызылордадағы оқиғадан бөлек. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап АИТВ инфекциясы бар екенін біле тұра ақылы интимдік қызмет көрсеткен деген күдікпен 23 және 28 жастағы екі адам ұсталған. Оларға қатысты басқа адамдарға АИТВ жұқтыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алматыдағы жағдай да жеке оқиға. 2026 жылы Амир Шайкежановқа қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол өз қызметкерін АИТВ жұқтыру қаупіне әдейі ұшыратты деп айыпталған. Жәбірленушінің айтуынша, оқиға наурыз айында болған. Шайкежанов жыныстық қатынас болғанын жоққа шығармайды, бірақ оның өзара келісіммен болғанын айтқан.
"Өзімнен 5 жас үлкен әйел мені асырағысы келді": Актер Олжас Тоғымбет жеке өмірі туралы ашық сұхбат берді
