Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийдегі қайғылы жағдай 11 жылдан кейін қайталанды: Әскерилер ауа райын елемеді ме

әскерилер
Фото: Видеодан скрин

24 қыркүйекте Ақтаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде 19 әскери қызметкерді теңіз ағызып әкетіп, бірнеше адам қаза тапты. Оқиға кезінде ауа райы күрт өзгеріп, жел күшейген. Бұл жағдай осыдан 11 жыл бұрын Каспийде өткен “Орталық-2015” оқу-жаттығуы кезінде төрт әскери қызметкердің қаза болуын еске салды. Ол кезде де теңізде дауыл көтеріліп,  толқын салдарынан әскери техника суға батқан еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Оқу-жаттығу екі күн бұрын басталған

“Хазар қорғаны – 2026” оқу-жаттығуы Каспийде қайғылы жағдайдан екі күн бұрын басталған. Мұны сол кезде Қорғаныс министрлігі хабарлап, жаттығу кезінен суреттер де жүктеген. Ведомство оқу-жаттығудың ауқымы, мақсаты және оған қатысатын күштер туралы мәлімет берген. 

әскерилер
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-жаттығу Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі секторында стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірыңғай жоспары аясында өтіп жатқан. Оқу-жаттығуға Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы, 1-ші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков жетекшілік еткен.

Маневрлерге Әскери-теңіз күштері мен оған қосылған бөлімшелерден 500-ден астам әскери қызметкер, әскери кемелердің экипаждары және жағалау бөлімшелері қатысқан.

Сонымен қатар оқу-жаттығуға Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Маңғыстау облысындағы Жағалау күзетінің күштері мен құралдары, Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштері тартылған.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығудың негізгі мақсаты әскери қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру, экипаждардың жауынгерлік әзірлігін арттыру және белгіленген міндеттерді орындау кезінде күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын пысықтау екенін хабарлаған.

Десе де соңы қайғылы қазамен аяқталды…

Ал 24 қыркүйек күні Қарулы күштер Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 адамды теңіз суы тартып кеткен. Оған ауа райының күрт нашарлап, жел күшеюі себеп болған. Үш әскери қызметкер құтқарылған. Ал қалғандары іздестіріліп жатыр.

Қорғаныс министрлігі марқұмдардың отбасына көңіл айтып, көмек қолын созатынын жеткізді. Кейіннен үкіметтік комиссия құрылып, оны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратыны айтылды. Оған қоса Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады. Қазір іздеу-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. 

Қазір қаза болған әскери қызметкерлердің саны 12-ге жетті. Марқұмдардың аты-жөнін блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Оның мәліметінше, қаза тапқандар арасында аға лейтенант Олжас Мұхтарұлы мен сержант Мансұр Ғұмаров бар.

Қаза болғандардың тізімі:

  • О. Диханбаев;
  • С. Аяпберген;
  • А. Мадихан;
  • Д. Бегей;
  • Ж. Темірғалиев;
  • О. Өмірзақ;
  • А. Гилаж;
  • М. Тұрдыбекұлы;
  • М. Бердіханов;
  • А. Көбенов;
  • А. Төлеген;
  • А. Жанабай.

Блогер жариялаған мәліметке сәйкес, үш әскери қызметкер аман қалған. Олар – Н. Удалов, Б. Қуандық және А. Темірхан.

Ауа райы болжамы қандай болды

Қазгидромет Маңғыстау облысында 24 қыркүйекке дауылды ескерту жариялаған.

Синоптиктердің болжамынша, 24 қыркүйекте облыстың солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл болатыны хабарланған. Батыс, солтүстік және орталық аудандарда оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін екені ескертілген.

Оған қоса облыстың батысы, солтүстігі мен орталығында жоғары өрт қаупі, ал солтүстік-шығысында төтенше өрт қаупі сақталатыны айтылған. Ақтауда да жоғары өрт қаупі болжанған.

Кейін Қазгидромет 25 қыркүйекке арналған тағы бір дауылды ескерту жариялады. Оған сәйкес, 25 қыркүйекте Маңғыстау облысының солтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін екені айтылған. Түнде желдің екпіні 15-18 м/с-қа дейін күшейеді деп болжанған.

Бұл Қазгидрометтің алдын ала ауа райы болжамы. Оның оқу-жаттығу кезінде болған жағдайға нақты әсері болған-болмағанын тиісті комиссия мен тергеу анықтауы керек.

ауа райы
Фото: Видеодан скрин

 

Желідегілер қазаны ауа райымен байланыстырды

Желі қолданушыларының бірі қолайсыз ауа райына қарамастан оқу-жаттығу өткізуге бұйрық берген басшыны соттау керегін айтты. 

“Бір командир: “Бізге ешқандай ауа райы кедергі болмауы керек. Соғыста бұдан да сорақы ауа райында соғысасыңдар” деп, оқу-жаттығуды қолайсыз ауа райына қарамай  жүргізгісі келгенін білемін. Бірақ дәлелдей алмаймын. Ауа-райының өзгеруі жайында хабарлама бір күн бұрын келген. Тіпті желдің болатынын біліп, жіберіп отыр. Шаш ал десе, бас алатын басшылардан қалай құтыламыз?! Бұл жағдайға тек отставка немесе жұмыстан шығара қоя салу жарамайды. Адам өліміне не себеп болғанын анықтап, соттасын”, – деп жазды бірі. 

Ал енді бірі ауа райын бұрындары қалай болжағанын мысалға келтірді. 

“Таңғаламын, 1944 жылы Батыс Еуропаны азат етіп, Нормандияға дауыл кезінде десант қондырып, неміс фашистеріне тосыннан лап берген Генерал Эйзенхауэр метереологтармен мұқият жұмыс істеген. Осыдан 82 жыл бұрын. Қазір, 2026 жыл. Барлық ауа райы мәліметтері электроникамен 99,9% дәл өлшенеді”, – делінген жазбада. 

пікір
Фото: Threads скрин

 

Бұрынғы жараның беті қайта ашылды ма

Каспий теңізінде оқу-жаттығу кезінде әскери қызметкерлердің қаза болуы осыдан 11 жыл бұрын болған қайғылы жағдайды еске салды. 

11 жыл бұрын Ақтауда “Орталық-2015” оқу-жаттығуының екінші кезеңі өткен. Теңіз десантын түсіру эпизоды кезінде теңізге бортында 52 әскери қызметкері бар алты БТР-80 шыққан. Оқу-жаттығу “Оймаша” полигонынан шамамен бес шақырым жерде өткен. Теңізде шамамен 150 метр жүрген соң қатты жел соғып, толқын көтерілген. Салдарынан әскери техника суға бата бастаған. Оқиға кезінде төрт әскери қызметкер қаза тапқан. 

әскер
Фото: lada.kz

Сол кезде Қорғаныс министрі қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов оқиғаның мән-жайы мен себебін толық анықтау үшін арнайы топ құрып, оны оқиға орнына шұғыл жіберуді тапсырған.

министр
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Сол күні қаза тапқан төрт әскери қызметкердің аты-жөні де айтылды. Олар: 

  • 19 жастағы Бауыржан Жолдабай, Оңтүстік Қазақстан облысының Сауран ауданынан әскерге шақырылған;
  • оның құрдасы Атырау облысының Құлсары ауданынан шақырылған Асылжан Махамбетов;
  • Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан шақырылған 23 жастағы Замир Адилов;
  • Атырау облысының Мақат кентінен әскерге алынған 19 жастағы Бағытжан Қалыбай.

Сол кезде Асылжан Махамбетов пен Бағытжан Қалыбайдың әскердегі қызметін аяқтауына бір ай қалған.

Тергеу нәтижесі қалай болды?

2015 жылы 19 қыркүйекте төрт әскери қызметкердің қаза болуына байланысты Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) бойынша тергеу басталды.

Тергеу нәтижесі бойынша Қорғаныс министрі бірқатар әскери лауазымды тұлғаны қызметтен босату туралы шешім қабылдады. Олардың қатарында:

“Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы полковник Мұрат Нұғманов;

оның бірінші орынбасары әрі штаб бастығы полковник Ризат Қолпашев;

жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары полковник Мерген Қапашев;

теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі подполковник Ерболат Төлікбаев болды.

2015 жылы қазанда Қорғаныс министрлігінде өткен алқа отырысында әскери қызметкерлердің қаза болуына қатысты тергеу қорытындысы жарияланды.

Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясы оқиғаны тексеріп, оған бірнеше себеп болғанын анықтады. Атап айтқанда:

  • әскери қызметкерлер қауіпсіздік ережелері мен белгіленген тәртіпті толық сақтамаған; 
  • олардың даярлығы жеткіліксіз болған;
  • оқу-жаттығу барысына бақылау әлсіз жүргізілген.

 

Кінәлілер қалай жазаланды

Қайғылы оқиғадан бір жыл өткен соң, 2016 жылы 25 қарашада сот үкімі шықты. Іс бойынша алты адам, оның ішінде әскери лауазымды тұлғалар сот алдында жауап берді. Олардың барлығына Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабы 2-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) бабы бойынша айып тағылды.

“Батыс” өңірлік қолбасшылығының бұрынғы қолбасшысы полковник Мұрат Нұғманов, теңіз жаяу әскерлері бригадасының бұрынғы командирі подполковник Ерболат Төлікбаев және 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері командирінің орынбасары Рашид Жілқайдаров 2,5 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қоныс колониясында өтеуге сотталды.

25744 әскери бөлімінің екінші батальоны бесінші ротасының екінші бөлімшесінің командирі, кіші сержант Абай Баймұратов 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ал 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері взводының командирі, аға лейтенант Бауыржан Төлегенов пен осы бөлімнің екінші батальоны бесінші ротасының үшінші бөлімшесінің командирі, кіші сержант Ерасыл Көбеген кінәлі деп танылып, алты айға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 63-бабы қолданылып, оларға шартты жаза тағайындалды.

Істі Ақтау гарнизонының әскери соты қараған.

Бұрын әскери оқу-жаттығулар кезінде ауа райын қалай болжаған

Бұрын әскери оқу-жаттығуларда ауа райын болжау қазіргіге қарағанда әлдеқайда күрделі болған. Әскери қолбасшылар метеорологиялық станциялардан алынған мәліметтерге, барометр мен термометр көрсеткіштеріне, желдің бағыты мен жылдамдығына сүйенген. Теңіздегі операциялар кезінде толқын мен желдің жағдайы ерекше ескерілген.

XIX ғасырдың екінші жартысында телеграфтың пайда болуы әскери жоспарлау мүмкіндігін кеңейтті. Әртүрлі аймақтардағы ауа райы туралы мәліметтерді жедел жеткізуге мүмкіндік туып, операция өтетін аумақтағы жағдай алдын ала зерттеле бастады.

әскери
Фото: Met Office

XX ғасырдың басында әуе шарлары мен кейін радиозондтар арқылы атмосфераның жоғарғы қабаттарындағы жел мен температура туралы ақпарат алына бастады. Бұл мәліметтер әскери авиация мен теңіз күштері үшін маңызды болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ауа райы әскери операцияларды жоспарлаудың маңызды факторына айналды. Ұшақтардың ұшу бағыты, әскери кемелердің қозғалысы, десант түсіру және басқа да операциялар кезінде жел, тұман, бұлттылық, жауын-шашын мен теңіз жағдайы ескерілді. Осы кезеңде ауа райын бақылауға арналған радар технологиясы да дами бастады.

1950 жылдардан бастап компьютерлердің көмегімен ауа райын математикалық модельдер арқылы есептеу мүмкін болды. Бұл әскери метеорологтарға ауа райының алдағы өзгерісін дәлірек болжауға мүмкіндік берді.

1960 жылдары метеорологиялық жер серіктерінің пайда болуы әскери мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтті. Енді бұлттардың қозғалысын, дауылдарды және мұхиттардағы ауа райын ғарыштан бақылауға мүмкіндік туды.

Ал бүгінде әскери оқу-жаттығулар кезінде метеорологтар спутниктерден, радарлардан, автоматты метеостанциялардан және теңіздегі бақылау құралдарынан алынған деректерді компьютерлік модельдермен біріктіреді. Әсіресе теңіздегі жаттығуларда желдің жылдамдығы мен бағыты, толқынның биіктігі, көріну қашықтығы және ауа райының қысқа мерзімде өзгеру ықтималдығы ескеріледі.

Демек технология дамыған сайын әскерилердің ауа райына қатысты шешім қабылдау мүмкіндігі де артты. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 24 Қыркүйек, 2026 18:14