"20-35 мың теңгеге орын алып беруге уәде етеді": Министрлік балабақшаға байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады
Оқу-ағарту министрлігі қазақстандықтарды балабақшадан орын алып береміз деген ақылы хабарламаларға сенбеуге шақырды. Себебі бұл заңсыз жол екенін алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс кулуарында Оқу-ағарту вице-министрі декреттік демалыстағы аналарға жіберілген хабарламаға қатысты пікір білдірді. Хабарламада 20-35 мың теңгеге балабақшадан орын алып беруге уәде етілген.
Вице-министр Шынар Ақпарованың айтуынша, балаларды кезекке қою рәсімі толықтай ресми онлайн платформалар арқылы жүзеге асырылады.
"Балабақшаларды қаржыландыруға қатысты мәліметтерді жергілікті атқарушы органдар орналастырады. Ал кезек онлайн платформаларда жүргізіледі. Сондықтан баласын балабақшаға бергісі келетін ата-ана ЖСН мен электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы өтініш беріп, баласын кезекке қоя алады. Ешқандай заңсыз жол болмауы керек. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан заңнамасында жауапкершілік қарастырылған", – деді вице-министр.

Ол қазақстандық ата-аналарға арнайы үндеу жасады.
"Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық ата-анаға айтқым келеді, мұндай жағдайларға жол берілмеуі керек. Балабақшаға кезекке қою толықтай арнайы платформа арқылы жүргізіледі. Сондықтан мұндай хабарламаларға сенбеңіздер. Өтінішті өздеріңіз жеке кабинет арқылы беріп, кезекті күту қажет. Егер сіздерде нақты деректер болса, Оқу-ағарту министрлігіне жазбаша түрде жолдауларыңызды сұраймын. Біз міндетті түрде қызметтік тексеру жүргізіп, тиісті шара қабылдаймыз", – деді Шынар Ақпарова.
"Жігітім үшін жер қазуға бардым": Қазақстандықтар желіде махаббат үшін жасаған ессіз әрекеттерін бөлісіп жұртты күлдірді