Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5 жастағы баланы даярлық сыныбына да, балабақшаға да алмайды": Қазақстандық ата-ана білім беру жүйесіндегі қайшылыққа наразы

ата-ана бала 1-сынып
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Әлеуметтік желіде жылдың екінші жартысында дүниеге келген балалардың ата-аналары 5 жастағы баланы балабақша да, даярлық сыныбы да қабылдамайтынын айтып, наразылық білдірді. Оларың сөзінше, 5 жастағы бала мектепке дайын емес. Ата-аналар заң қабылдайтын кезде халықтың жағдайы ескерілмейтінін, енді жұмысбасты ата-аналар балаларын қайда қалдаратынын білмей дал болып жүргенін айтады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ата-аналар 5 жасқа толмаған балаларды балабақшада екінші жылға қалдыруға жағдай жасауын талап етіп отыр.

“Менің қызым 2020 жылы қараша айында дүниеге келген. Бізде ПМПК бойынша ешқандай қорытынды жоқ. Бала сау. Бізді балабақшадан шығарып жатыр. Екінші жылға қалдыруға ешқандай мүмкіндік жоқ. Қазір 5 жаста, қыркүйекте де 6 жасқа толмайды. Балам эмоциялық тұрғыдан 1-сыныпқа баруға дайын емес. Жұмыс істейтін ата-аналар балалары 1-сыныпқа баруға дайын болмаса не істеу керек? Заңды бекітетін кезде неге ата-аналардың мүдделері ескерілмейді? Неге балабақшада екінші жылға қылдыруға мүмкіндік жоқ? Баласын қайда қалдыратынын білмей жүрген ата-ана қалай жұмыс істеп, елді дамытады”, – деді жазба авторы.

Айтуынша, 5 жастағы баланы:

  • Балабақша қалдырмайды;
  • Дайындық сыныптарына қабылдамайды. 

Сондықтан бала бірден 1-сыныпқа баруға мәжбүр дейді ата-ана. Алайда 5 жастағы әр бала психологиялық және академиялық тұрғыдан бірінші сыныпқа дайын бола бермейтінін де атап өтті.

“Ұлым 2019 жылдың қараша айында дүниеге келген. Ол балабақшаны бір жыл бұрын бітірді. Қазір жекеменшік балабақшаға барып жүр”, “Тіпті 6 жаста да баланы 1-сыныпқа беру ерте деп ойлаймын”, “Бұл 11 айлық бір баланы жүруге үйретумен тең. 5 жастағы баланы балабақшада қалдыруыңызды сұраймыз”, – деп жарыса жазды ата-аналар.

Осы тұста Stan.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігіне сұрау жіберіп, ата-аналардың сауалдарына жауап алуға тырысты. Ведомствоның мәліметінше, бала 5 жасқа толмай тұрып бір жыл мектепалды топтарда және мектепалды сыныптардың бірінші оқу жылында оқу бағдарламасының дайындық бойынша мазмұнын меңгереді.

“5 жастағы балаларды мектепте оқуға дайындау отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепалды сыныптарда жүргізіледі.
Күнтізбелік жылда, яғни қаңтар-желтоқсан аралығында 5 жасқа толатын балалар мектепалды топтарда және мектепалды сыныптарда бірінші оқу жылында оқу бағдарламасының мектепалды дайындық бойынша мазмұнын меңгереді, оқу жылы аяқталғанда, мектепке дейінгі ұйымнан шығарылады”, – делінген министрлік жауабында. 

Сондай-ақ ведомство оқу жылында баланың даму деңгейі қадағаланып, мониторинг жүргізілетінін, нәтижелері ата-анасына хабарланатынын атап өтті. Баланы өз деңгейінде дамыту үшін дамыту, түзету іс-шаралары жоспарланатыны айтылды. 

Бала қандай жағдайда мектепалды топта екінші жылға қалдырылады:

  • Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымымен ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар;
  • Сол жылы қаңтар-мамыр айларының аралығында мектепке ұйымға жолдаманы кеш алып, мектепалды даярлық бағдарламасының мазмұнын меңгеріп үлгермеген балалар қалдырылады.
“Күнтізбелік жылда 6 жасқа толатын балалар (отбасында, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектепалды сыныптарда тәрбиеленген балалар) тұрғылықты жері бойынша 1-сыныпқа қабылданады. Сонымен бірге 1-сыныптағы оқу бағдарламалары осы жылы 6 жасқа толатын балалардың жас, физиологиялық, психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген, оқу жылының басында 1-сынып оқушыларын мектеп өміріне, оқу процесіне бейімдеу кезеңі ұйымдастырылады, сабақ барысында ойын әдіс-тәсілдері қолданылады”, – деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігі.

Сонымен қатар ведомство баланың мектепалды дайындығына ата-ананың да жауапты екенін атап өтті. Ата-ана баласының мектепалды даярлығын қамтамасыз етуге, кейін мектепке беруге міндетті екенін еске салды.

Stan.kz
Дүйсенбі, 01 Маусым, 2026 18:26