Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның өңірлері биыл қанша қарыз алды: Миллиардтар қайда жұмсалды?

ақша бюджет тапшылық
Фото: Stan.kz

27 тамызда 4 өңірдің әкімдігі түрлі жоба үшін қарыз алып, бағалы қағаз шығарған. Инвестордан алынған қарыз ақшаға өңір тұрғын үй салады немесе түрлі жоба жасайды. Stan.kz тілшісі қай өңір биыл ең көп қарыз алғанын және оны қайда жұмсағанын анықтап көрді. 

KASE жариялаған мәліметте 27 тамызда Шымкент 16,15 %-бен 24,4 миллиард теңге, 17,27 %-бен 216 миллион теңгеге, Жетісу облысы 17,3%-бен 3,6 миллиард теңгеге, Маңғыстау облысы  4,25 %-бен 2,5 миллиард теңге, Ұлытау облысы 17,27 %-бен 423 миллион теңгеге облигация шығарғанын аңғарамыз. 

Облигация деген не?

Облигация – қарыз алу құралы. Яғни мемлекет, компания немесе әкімдікке ақша керек болса, олар инвесторлардан ақша қарызға алады. Оның орнына инвесторға белгілі бір уақыттан кейін ақшасын қайтаруға және қарызды пайдаланғаны үшін пайыз төлеуге міндеттеледі. Қазақстанда облыстар мен қалалардың әкімдіктері облигация арқылы бюджетке қосымша қаржы тарта алады.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, 2026 жылы жергілікті атқарушы орган шығарған мемлекеттік бағалы қағаздардың көлемі – 278 миллиард теңге. Соның ішінде: 

  • Батыс Қазақстан облысы – 27,2 миллиард теңге;
  • Қостанай облысы – 25,9 миллиард теңге;
  • Қарағанды ​​облысы – 25,6 миллиард теңге;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 23,6 миллиард теңге;
  • Астана қаласы – 22,4 миллиард теңге;
  • Абай облысы – 20,8 миллиард теңге;
  • Шымкент қаласы – 20,3 миллиард теңге;
  • Жамбыл облысы – 16,5 миллиард теңге;
  • Қызылорда облысы – 15,5 миллиард теңге;
  • Жетісу облысы – 15,5 миллиард теңге;
  • Түркістан облысы – 14,2 миллиард теңге;
  • Шығыс Қазақстан облысы – 14,1 миллиард теңге;
  • Ұлытау облысы – 12,8 миллиард теңге;
  • Ақмола облысы – 12,3 миллиард теңге;
  • Маңғыстау облысы – 12,2 миллиард теңге;
  • Павлодар облысы – 8,3 миллиард теңге;
  • Атырау облысы – 5 миллиард теңге;
  • Ақтөбе облысы – 4,2 миллиард теңге;
  • Алматы облысы – 2 миллиард теңге.

Қай аймақта ең көп қарыз алынды?

Мемлекеттік бағалы қағаздардың ең көп көлемі Бтыс Қазақстан облысында – 27,2 миллиард теңге, одан кейінгі орында Қостанай облысын – 25,9 миллиард теңге, Қарағанды ​​облысында – 25,6 миллиард теңге және Солтүстік Қазақстан облысында – 23,6 миллиард теңге.

Министрліктің мәлімдеуінше, олар көп жағдайда облигацияны үш себеппен жариялаған:

  • Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жобаларында пәтерлер салу, сатып алу;
  • Ағынды суларды тазарту құрылыстарын, жылумен, электрмен, сумен жабдықтау және канализация желілері мен жүйелерін салу және жаңғырту;
  • Мектепті жөндеу.

Ал Алматы қаласы биылдыққа ешқандай қарыз алмаған. 

Өңірлер облигацияны не үшін шығарады?

Сондай-ақ Stan.kz тілшісі бірнеше өңірдің не себепті облигация шығарғанын сұрап көрді. 

Астана қаласының әкімдігі 3 рет облигация шығарды: 

  • 13 сәуірде – 19,15 %-бен 2 473 562 мың теңге;
  • 17 сәуірде  – 4,25%-бен 20 000 000 мың теңге;
  • 23 шілдеде – 13,28%-бен 2 543 503 мың теңге.

13 сәуірдегі және 24 шілдеде сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялауды, жылумен жабдықтау желілері мен жүйелерін салуды қаржыландыру үшін жүргізілді.

Ал 17 сәуірдегі жүзеге асырылған мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару тұрғын үй сатып алу мақсатында жүргізілді. 

Алматы облысының әкімдігі 5 рет бағалы қағаз шығарған екен.

  • 30 маусымда шығарылым көлемі – 4,25%-бен 2 миллиард теңге.

Ол  кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін керек екен.

  • 17 шілде – 15,1%-бен 3,5 миллиард теңге.

Ол да кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалға берілетін тұрғын үй сатып алуға қарастырылды. 

  • 7 тамыз – 1,5 миллиард теңге.

Сыйақы мөлшері – 14,31%, қарыз мерзімі – 7 жыл. Нысаналы мақсаты – сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қайта құру.

  • 7 тамыз –  14,31%-бен 502 813 000 теңге. 

Ол да сумен жабдықтауға бөлінді.

14 тамыз – 4,25% мөлшерлемемен 1,5 миллиард теңге.

Ол кезекте тұрған азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамтмамасыз ету мақсатында несиелік тұрғын үй сатып алуға бағытталды.

Маңғыстау облыстық әкімдігі 2026 жылы 2 рет облигациялық қағаз шығарған екен. Оның бірі – 13,5 миллиард теңге 16,15% мөлшерлемемен шықты. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін пәтерлер сатып алуға керек болған. Жалдамалы пәтерлер кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға, жетімдерге, ерекше қажеттілігі бар адамдарға, аз қамтылған отбасыларға қарастырылған.

Ал екіншісі – 17,3%-дық мөлшерлемемен 5,5 млрд теңге. Ол инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатына бағытталған.

“Аталған қаражат есебінен елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын салу бойынша 6 жоба қаржыландырылды. Жалпы бөлінген қаражат облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал ететін жобаларды іске асыруға бағытталады”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облыстық әкімдігі. 

Жетісу облысы биыл бір рет бағалы қағаз шығарды. 1 қыркүйекте 30,5 миллион теңге әлеуметтік осал топтардың баспана мәселесін шешу, аудан-қалалардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын жақсарту бағытындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.

Ұлытау облысында 2026 жылы 3 рет қарыз тартылды. 

  • 17 наурызда жергілікті атқарушы органда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған тұрғын үй құрылысын салу үшін облигация шығарылды. Облигация мөлшері –  0,35% пайызбен 697,9 миллион теңге;
  • 24 тамызда 2,3 миллиард теңге сомаға екі облигациялық қарыз тартылды.

Біріншісі – Жезқазған қаласының әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар үшін 154 пәтер сатып алуға 16,15% мөлшерлемемен  1,9 миллиард теңге.

Екіншісі – 17,27% мөлшерлемемен Жаңаарқа ауданының инжинерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын қаржыландыруға,тиісті инфрақұрылым желілері мен жүйелерін дамытуға 423,6 миллион теңге.

Не себепті облигация пайызы әртүрлі?

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, облигация бойынша пайыздың әртүрлі болуы ең алдымен оның қандай мақсатта және қандай шартпен шығарылғанына байланысты.

Тұрғын үй құрылысына арналған кейбір мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша жеңілдетілген мөлшерлемелер қолданылады — 0,35%-4,25%. Бұл жағдайда қаржыландырудың шарттары мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғын үй саясатына байланысты белгіленеді.

Ал коммерциялық капиталды, яғни банктерді, қорларды және жеке инвесторларды тарту үшін шығарылатын облигациялар нарықтық шарттармен орналастырылады.

“Олардың кірістілігі KASE-дегі сауда барысында қалыптасады. Бұл ретте негізгі факторлардың бірі — Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі. Базалық мөлшерлеме жоғары болған сайын, инвесторлар әдетте облигациядан да жоғары кірістілік күтеді”, – делінген хабарламада.

Бұған қоса, облигацияның өтімділігі, өтеу мерзімі және инвестор үшін тәуекелі де мөлшерлемеге әсер етуі мүмкін.

Қырмызы Скендір
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 11:00