Арыста үш адамның өмірін қиған жол апаты: сот әйелді 9 жылға бас бостандығынан айырды
Түркістан облысының Арыс қаласында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты сот үкімі шықты. Сот мас күйінде рөлге отырып, бірнеше адамды қаққан Бибінұр Касимованы 9 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ ол өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот шешімімен айыпталушы қаза тапқандардың жақындары мен жол апатынан зардап шеккендерге жалпы 35 миллион теңге моральдық зиян өтемақысын төлеуге міндеттелді.
Сонымен қатар сотталушының асырауында 14 жасқа толмаған мүгедектігі бар қызы бары ескеріліп, бас бостандығынан айыру жазасын өтеу мерзімі кейінге шегерілді.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыруды сұраған еді. Сондай-ақ прокурор оның асырауында 14 жасқа толмаған қызы барын ескеріп, тағайындалған жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды сұрады.
"Соттан түпкілікті 10 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын", – деді прокурор Ақжарқын Оразбай.
Қайғылы оқиға 6 маусымда Арыс қаласында болған. Іс материалдарына сәйкес, көлік үй ауласында отырған адамдарды қағып кеткен. Салдарынан жүкті әйел мен екі бала қаза тапты. Тағы бір адам ауыр жарақат алып, екі адам орташа деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Сот алдында мектеп мұғалімі жауап берді. Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, жол апаты кезінде ол көлікті мас күйде басқарған.

“Қызымды мектепке апарудың орнына зиратына барып жүрмін"
Сотта марқұмдардың туыстары да сөз сөйлеп, айыпталушыны кешірмейтінін айтты. Олар соттан оған қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Апаттан 30 жастағы Дана Үсімбек пен оның бір жарым жастағы сәбиі ауыр жарақат алған. Ал бес жасар қызы оқиға орнында көз жұмды. Әйелдің сөзінше, өзінің де, баласының да денсаулығы әлі толық қалпына келмеген.
"Өсіріп, бағып отырған перзентімізден айырылып отырмыз, өзім мүгедек болдым. Менің және баламның денсаулығы қайтадан орнына келмейді. Марқұм қызымды мектепке жетектеп апаратын шағында басына құран бағыштауға барып жүрмін", – деді Дана Үсімбек.
Айыпталушы сотта болған жағдайға өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Сондай-ақ кәмелетке толмаған мүгедектігі бар қызын тәрбиелеп отырғанын айтып, соттан жазаны жеңілдетуді өтінді.
Үкім шыққаннан кейін марқұмдардың туыстары сот тағайындаған жазаны тым жеңіл деп санайтынын айтып, апелляциялық шағым түсіруге ниетті екенін мәлімдеді.
"Оңай" ресейлік төлем жүйесімен байланысы бар деген күдікке ілінді: Пайдаланушылар дербес деректерінің қауіпсіздігіне алаңдады