Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Red Bull Ayaldama: Жаңа комедиялық жобада соңғы аялдамаға кім жететінін көрермендер шешеді

27 тамызда Кинопоиск платформасында толығымен қазақ тілінде түсірілген жаңа комедиялық жоба Red Bull Ayaldama жарық көрді. Шоу барысында комиктер қозғалыстағы автобуста өнер көрсетеді, ал көрермендер әр қатысушының әрі қарайғы тағдырын өздері шешеді.

Red Bull Ayaldama жобасының басты ережесі қарапайым. Егер әзілкештің әзілі көрерменге күлкілі болмаса, олар "қарсы" батырмасын басады.

Көрермендердің дауысы арнайы бағанда жиналады. Баған толық толған сәтте комик ойыннан шығып, сәтсіз әзілдері үшін автобустан түседі. Ал көрермендердің назарын ұстап, оларды күлдіре алған қатысушылар ғана соңғы аялдамаға дейін жетеді.
Жоба барлығы 6 шығарылымнан тұрады. Әр шығарылымда соңғы аялдамаға дейін жету үшін Аңсаған Садырханов, Шыңғыс Ермек, Руслан Тай және басқа да комиктер бақ сынайды.
Қазақстандық комедия сахнасының үздік өкілдерімен қатар, кейбір шығарылымдарда арнайы шақырылған жолаушыларды да көруге болады. Олардың қатарында ALPHA тобы мен блогер Нұрдәулет NNN бар.

Red Bull Ayaldama  стендаптың қалыптасқан форматына жаңаша көзқарас ұсынатын бірегей эксперимент. Мұнда әзілкеш сахна мен жарық шамдарының ар жағында жасырына алмайды. Ол автобустың шектеулі кеңістігінде көрермендермен бетпе-бет қалады. Ал көрермендер кез келген сәтте оны ойыннан шығарып, автобустан түсіре алады.

Жобаның басты ерекшелігі  оның толықтай қазақ тілінде өтуі. Барлық қойылым, әзілдер мен қатысушылардың көрермендермен қарым-қатынасы қазақ тілінде жүргізіледі. Осылайша, Ayaldama заманауи қазақтілді комедия кеңістігіне жаңа леп әкелетін елеулі жобаға айналып отыр.

Жобаның барлық шығарылымын енді Кинопоисктен көруге болады.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 11:15