Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйде көлік жүргізіп ұсталды

Әлеуметтік желіде бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Астанада ұсталғанын айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана қаласының полиция департаменті жол-көлік оқиғасы болғанын растағанымен, жүргізушінің аты-жөнін жарияламады. Полицияның мәліметінше, алдын ала деректер бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін тәртіп сақшылары көлікті Достық көшесінде тоқтатып, ұстаған.
"Көлікті басқарған 35 жастағы ер адамның алкогольдік масаң белгілері байқалды. Жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендер жоқ", – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ ведомство заң алдында барлығы тең екенін атап өтті.
"Жауапкершілік адамның танымалдығына, мамандығына, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес. Заңды бұзған және жауапкершіліктен жалтаруға тырысқан әрбір адам заң аясында жауап береді", – делінген полицияның хабарламасында.
Бұған дейін бірқатар Telegram-арналарында Хан Шатыр маңында үш көлік қатысқан екі жол апаты болғаны, ал оқиға орнынан кеткен жүргізуші ретінде 35 жастағы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің ұсталғаны хабарланған еді. Сондай-ақ оның медициналық куәландыруға жіберілгені айтылды.
Алайда қазір полиция жүргізушінің жеке басын ресми түрде растаған жоқ. Егер медициналық сараптама оның алкогольдік мас күйде болғанын дәлелдесе, оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті жауапкершілік қарастырылуы мүмкін.
Айта кетейік, Данияр Елеусинов 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған еді. Биыл 13 наурызда ол 35 жасқа толды.
Еске салайық, бұған дейін Теміртас Жүсіповтің жұбайының сіңлісі әлеуметтік желіде спортшының әйеліне тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткенін мәлімдеген. Оның айтуынша, жәбірленуші ауыр жарақатпен ауруханаға түсіп, дәрігерлер асфиксия, бастың ашық жарақаты, бас миының ісінуі мен құрысу белгілерін тіркеген. Осыдан кейін полиция денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған еді.
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқ киім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді