Мас күйде көлік жүргізіп ұсталған Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды

Астана соты Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік іс бойынша шешім шығарды. Боксшы мас күйінде көлік тізгіндеп, үш жол апатына себеп болғаны үшін 20 тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Істі Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты қарады. Сот мәліметінше, Данияр Елеусінов алкогольдік мас күйде көлік тізгіндеп отырып, Астана көшелерінде үш жол-көлік оқиғасын жасаған. Сотта Елеусінов өз кінәсін толық мойындаған.
“Сот анықтағандай, азамат Е. алкогольдік мас күйде көлік басқарып, Астана көшелерінде жүріп келе жатып үш жол-көлік оқиғасын жасаған. Жол қозғалысы ережесін бұзу салдарынан жүргізуші: жер асты автотұрағы қақпасының тірегіне соғылған, басқа бір автокөлікпен соқтығысып, соққының әсерінен тағы бір көлікті қағып кеткен. Кейіннен Kia Sportage көлігімен соқтығысып, соққыдан ол өз кезегінде Toyota Hilux автокөлігіне соғылған”, – делінген хабарламада.
Сот мәліметінше, құқық бұзушының кінәсі іс материалдарымен, оның ішінде медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді.
“Сараптама нәтижесі бойынша азамат Е.-нің жеңіл дәрежеде алкогольдік мас күйде болғаны анықталған. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар, жол-көлік оқиғаларының сызбалары, бейнежазбалар, қатысушылардың түсініктемелері және сот зерттеген өзге де дәлелдер негізге алынған. Осыған байланысты сот азамат Е.-ге 20 тәулік әкімшілік қамақ және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады”, – деді сот.
Еске салайық, бұған дейін Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйде көлік жүргізіп ұсталған еді.
Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015).
"Түрлі тағам пісіремін, өкшелі аяқкиім киіп, саяхаттаймын": Желіде боянғанын көрсеткен 90 жастағы қазақстандық әже жұртты сүйсіндірді
Оқыңыз