Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өлімнен хайп жасағандар": Мадинаның қазасын трендке айналдырғандар қазақстандықтардың ашуына тиді

марқұм Мадина Рашидқызы (1)
Фото: Stan.kz

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Меркіде қаза болған 19 жастағы Мадина Рашидқызына қатысты "Барни" тақырыбын пайдаланып, контент жасап, қаралым жинағандарды қазақстандықтар сынға алды. Осыған байланысты Stan.kz желідегі жазбаларға шолу жасады.

"Барни үшін ұрмайтын жігітке тиіңдер, қыздар!"

 

Желіде Назерке есімді қолданушы "Барни" тәттісіне қатысты жазба жариялады. Ол жазбасында "Кеше 2 дана Барни жеп, қандай бақытты екенімді де байқамаппын..." деп жазды.

пікір
Фото: threads.com желісінен скрин

Кейбір әйелдер әлеуметтік желіде күйеулерінің "Барни" алып келгенін әзіл-шыны аралас мақтанышпен бөліскен.

"Күйеуім алып келіпті, Барни көргенде бүртүрлі болып қалдым ғой...", "Жаным ауырып тұрмын десем, Барни алып келіп тұр, енді ұрысып қалдық" деген жазба жариялаған.

барни пікірлер
Фото: threads.com желісінен скрин

Тағы бір қолданушы "Барни" тақырыбына қатысты жазба жариялап, қыздарға күйеуінен зорлық көрмейтін жігіттерге тұрмысқа шығуға кеңес берген.
Ол жазбасында "Барни үшін ұрмайтын жігітке тиіңдер, қыздар!" деген мазмұнда пікір білдірген.

барни пікір білдіруші
Фото: threads.com желісінен скрин

Басқа ер адам "Келіншегіме Барни сатып алып келе жатырмын" деп көрсеткен. Оның да әйелінің аты Мадина екен.

барни пікір 3
Фото: threads.com желісінен скрин

Әлеуметтік желіде Алматыдағы белгілі дүкендердің бірі де Мадинаның қазасына қатысты "Барни" тақырыбын пайдаланып, видео жариялағаны айтылды. Мұндай әрекет желі қолданушыларының наразылығын туғызды.

Ал Нұрхат Мұстафа есімді мұғалім "Барни" тақырыбын пайдаланып, мектепке мектеп оқушыларын тарту үшін жарнама жариялаған.

"Балаларыңызға “Барни” алып бергенше НИШ-қа дайындайық. Баласын “НИШ Дарын КТЛ” мектептеріне дайындағысы келетін ата-аналарды іздеймін", – деп жазған мектеп мұғалімі.
пікір жазған мұғалім
Фото: threads.com желісінен скрин

“Шүкір, күйеуім Барни әкеліп берді” деп мәз болатын жер де емес”

Осыған байланысты желі қолданушылары біреудің қайғысын жарнамаға, әзілге немесе хайпқа айналдыруды адамгершілікке жат әрекет деп санайды. Олардың айтуынша, марқұмның артында ата-анасы, бауырлары мен сегіз айлық баласы қалды. Сондықтан қайғылы жағдайды талқылаған кезде марқұмның жақындарының сезімін ескеру қажет.

Threads қолданушысы Гүлжанат контент үшін Мадинаның өлімін пайдаланғандарға наразылығын білдірді. Оның пікірінше, марқұмның қайғысы қаралым немесе жарнама жинайтын құралға айналмауы керек. Ол контент жасаушыларды бір сәтке марқұмның ата-анасы мен жақындарының орнына өздерін қойып көруге шақырды.

"Қайғылы сәтті пайдаланып, контент қуып жүргендер, сендерге айтарым бір-ақ ауыз. Ар-ұяттарың қайда?! Бұл жарнама жасайтын, біреуді келемеждейтін жер емес. “Шүкір, күйеуім Барни әкеліп берді” деп мәз болатын жер де емес. Өрімдей қыз қаза болып отыр. Ал сендер соның үстінен әзіл жасап, мысқылдап, қаралым қуып, өздеріңді көрсетіп жүрсіңдер", – деп ашына жазды Гүлжанат.

Ол мұндай контенттің марқұмның ата-анасы мен жақындарына ауыр тиетінін айтып, желі қолданушыларын олардың жағдайын түсінуге шақырды.

"Солардың орнына өздеріңді қойып көріңдерші. Сендердің бүгінгі “контенттерің” бір отбасының жүрегін одан сайын жаралайтынын түсінбедіңдер ме?! – деп жазған еді Гүлжанат.

Қолданушы адам өлімін әзілге, трендке немесе қаралым жинайтын мүмкіндікке айналдыруға болмайтынын атап өтті.

"Адам өліп отыр! Адам! Адамның қолынан адам қаза болып отыр. Ал сендер үшін бұл әзіл, тренд, қаралым жинайтын мүмкіндік пе?! Контент үшін адамның өлімін де таптайтын деңгейге жетсек, біз қайда бара жатырмыз?" – деп қынжылды Гүлжанат есімді оқырман.

Мадинаның қайғылы қазасына қатысты әлеуметтік желіде тағы бір ұстаздың жарнамасы қызу талқыға түсті. Ол өз мектебіне оқушыларды шақыру мақсатында қайғылы оқиғаға байланысты контент жариялаған. 

Threads желісінде оқырман Динар мұндай жарнаманы сынап, біреудің қайғысын жеке пайдаға пайдалануға болмайтынын айтты.

"Ұстаз біреуге бір нәрсе үйрете алу үшін, алдымен сол қасиет өз бойында болуы керек. Қара пиардың да шегі бар шығар! Охват, лайк, клиент көбейеді деп, біреудің қайғысын жеке бастарыңыздың пайдасына пайдаланбаңыздар. Мұның бәрі өте төмен әрекет. Адамның қайғысын контентке айналдыру – надандық қана емес, адамгершіліктің де жоқтығын көрсетеді", – деді Динар.

Басқа желі қолданушысы біреудің қайғы-қасіретін өз пайдасына айналдыруды сынаса, тағы бірі мұндай әрекетті ер азаматқа және ұстазға лайық емес деп жазды.

Сонымен қатар сынға ұшыраған дүкен өз жазбасын түсіндіріп, оның мақсаты марқұмның өлімін жарнамаға пайдалану болмағанын айтты. Ол өзін жалғызбасты ана екенін айтып, жазба арқылы ер адамдардың әйелдерге деген қарым-қатынасына қатысты ойын жеткізгісі келгенін түсіндірді. Оның айтуынша, "Барни" туралы жазба Мадинаның сол тәтті үшін қаза болғанын меңзеу мақсатында жарияланбаған.

пікір қалдырушы марал
Фото: threads.com желісінен скрин

Алайда әлеуметтік желі қолданушылары мұндай түсініктемеге қарамастан, қайғылы оқиғаны талқылау кезінде мұндай контент пен жарнамадан бас тарту керек деген пікір білдірді.

дүкен пікірі
Фото: threads.com желісінен скрин
желі қолданушылардың пікірі
Фото: threads.com желісінен скрин

Айта кетейік, дәл осындай тренд жасағандар туралы материал әзірлеген едік. Биыл 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан қаза тапқан 21 жастағы . Алайда мұндай бастама қазақстандықтардың наразылығын туғызды. Трендке қатысқан жас қыздар мұңды әуенмен бейнежазбалар түсіріп, "Таныспағаным үшін пышақтап кету жоғынан" деген жазбалар жариялаған. Олар видеоларына "Нұрай үшін" хэштегін қосқан. Көптеген желі қолданушысы олардың осы бассыздығын марқұмның өлімін хайпқа айналдыру деп жазған еді.

Желіде кейбір қолданушылар "Өлімнен тренд шыққаны өкінішті", "Марқұмның әруағын сыйлау керек", "Біреуге қайғы, біреуге белсенділік" деп, трендке қатысқандарды сынға алды.

Еске салайық, 17 тамызда Жамбыл облысының Мерке ауылында 19 жастағы Мадина Рашидқызымен қоштасу рәсімі өтті. Жас келіншектің артында сегіз айлық сәбиі қалды. Алдын ала мәлімет бойынша Мадина отбасындағы жанжалдардан кейін өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары осы нұсқаға сенбейтінін айтып отыр. Қоштасу рәсіміне журналистер де қатысып, марқұмның күйеуінің туыстары болмағанын байқаған.

Туыстарының айтуынша, Мадинаның қайын жұрты қоштасуға келмеген. Бұған дейін Мадинаның құрбысы қыздың отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен таяқ жегенін мәлімдеген. Құрбысы оның денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және жарақаттарының фотосуреттерін алғанын айтқан. Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған тәттіге байланысты болған. Мадина "Барни" тәттісін жегені үшін күйеуінің оны ұрғанын айтқан деген ақпарат тараған. Осыдан кейін жас келіншек күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған. Оқиға бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, адамды суицидке жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 18 Тамыз, 2026 16:02