Алматыда 7 айлық жүкті әйел мен сәбиі көз жұмды: Туыстары дәрігерлер анализін шатастырып жібергенін айтты

Алматыда 7 айлық жүкті әйел Анна Ефеменко мен оның сәбиінің өлімі туыстарының наразылығын тудырды. Марқұмның туыстары дәрігерлерді салғырттық танытып, дер кезінде көмек көрсетпеді деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, үш бірдей медициналық мекеме арасында сабылған әйелге уақытылы диагноз қойылмай, ақыры ана мен бала көз жұмған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Ауруханада анализдерді шатастырып жіберген”
Жедел жәрдем оны Алматы маңындағы Өтеген батыр ауылындағы (ГРЭС-тегі) ауруханаға жеткізген. Алайда туыстары онда анализдер шатастырылып, шұғыл көмек орнына қарапайым тамызғыш ұсынылғанын айтады. Сіңлісінің сөзінше, ауруханада анализдер шатастырылып, шұғыл көмек орнына қарапайым тамызғыш қана ұсынылған.
"Жүктілігіне 7 ай еді. Бәрі жақсы болған. Жоспарлы тексерулер, №13 емханада есепте тұру, қарапайым бақытты отбасы, сәбилерін күтіп жүрген. Бірақ 4 мамырдан 5 мамырға қараған түні біздің өміріміз түбегейлі өзгерді. Шамамен түнгі сағат 01:00-де әпкем үйінде есінен танып қалды. Біз дереу жедел жәрдем шақырдық. Оны Өтеген батыр ауылындағы (ГРЭС-тегі) ауруханаға алып кетті. Ең сұмдық, қорқынышты сәт сол жерде басталды. Ауруханада анализдерді шатастырып жіберген. Шұғыл көмек көрсетудің орнына, тек қарапайым тамызғыш ұсынған. Өйткені, белгілі болғандай, олар бұдан артық ештеңе істей алмаған. Біз амалсыздан бас тарту қағазына қол қойып, әпкемді өз күшімізбен ең жақын орналасқан 4-перзентханаға апардық", – деді марқұмның сіңлісі.
№4 перзентханада жүкті әйелге шұғыл көмек көрсетудің орнына, бірнеше сағат бойы тексерулер жүргізіліп, дәрігерлер бейнебайланыс арқылы кеңескен. Тіпті науқастың күйеуінің көзінше "Енді не істейміз?" деген сұрақ қойылған. Осы уақыт ішінде әйелдің жағдайы ауырлай түскен.
"Бұл қалай болуы мүмкін?! Ал осы уақыттың бәрінде әпкемнің жағдайы одан сайын нашарлай берді… Тек таңғы сағат 08:00 шамасында ғана олар жедел жәрдем шақырып, оны №2 перзентханаға жіберді. Дәл сол жерде біз дәрігерлердің шынайы алаңдаушылығын алғаш рет көрдік. Үлкен консилиум. Шұғыл операция. Жедел кесарь тілігі. 05.05.2026 күні сағат 08:12-де… Өкінішке қарай, сәбиді аман алып қалу мүмкін болмады. Себебі ішке өте көп қан кетті. Бірақ қалай?! №4 перзентханада УДЗ жасап тұрып, мұны қалай байқамаған?! Осындай қымбат уақытты қалай жоғалтуға болады?! Одан кейін ұзақ күту сағаттары басталды… Литрлеп қан құйылды", – дейді марқұмның жақыны.
Марқұмның сіңлісінің айтуынша, операция бірнеше сағатқа созылған. Отбасы үміттеніп, дұғада болған. Алайда кешкі сағат 17:00 шамасында дәрігерлер операция аяқталғанын, қолдан келгеннің бәрі жасалғанын, бірақ босанушының 3-дәрежелі комаға түскенін айтқан. Дәрігерлердің сөзінше, ең қымбат уақыт өткізіліп алынған.
"Ал кейін…07.05.2026 күні сағат 00:32-де телефон қоңырауы соғылды. "Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық…" Сол ғана... Біз әпкем "Анютадан" айырылып қалдық. Сәбиден де айырылдық. Үйдегі екі кішкентай бала анасыз қалды. Күйеуі жарсыз, туыстары сүйікті адамынсыз қалды. Жоғалған уақыт үшін кім жауап береді? Салғырттық үшін ше? Адам өмірін құтқарудың орнына бейнебайланыс арқылы кеңес өткізгендері үшін ше? Неге үш бірдей перзентхана жүкті әйелге дер кезінде көмек көрсете алмады?! Бүгін бұл қайғы біздің отбасымыздың басына түсті. Бірақ ертең бұл кез келген адамның тағдырына айналуы мүмкін. Біз Анутамызды қайтара алмаймыз.Бірақ әділдікке қол жеткізгіміз келеді. Кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалаймыз", – деп жазды марқұмның сіңлісі.
“Ана мен баланы аман алып қалу мүмкін болмады”
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы пациенттің Алматыдағы перзентханалардың біріне өздігінен жүгінгенін хабарлады.
“Әйелге қажетті диагностикалық тексерулер, зертханалық сараптамалар мен бейінді мамандардың қарауы жүргізілген. Осылайша, алдын ала диагноз қойылып, әрі қарай емдеу тактикасы анықталған. Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан және үшінші деңгейлі мамандандырылған көмек қажет етілуіне байланысты ол жедел жәрдем бригадасымен қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілген. Онда шұғыл консилиум өтіп, барлық қажетті емдеу-диагностикалық шаралар жасалған", – деп жауап берді Алматы денсаулық басқармасы.
Алайда дәрігерлердің реанимациялық, хирургиялық және қарқынды ем-дом шараларына қарамастан, ана мен баланы аман алып қалу мүмкін болмаған дейді денсаулық басқармасы.
Басқарма әлеуметтік желілерде медицина қызметкерлеріне тағылып жатқан айыптауларды ресми тексеру аяқталмайынша объективті деп санауға болмайтынын атап өтті.
"Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша өлімнің нақты себебі мен медициналық көмектің сапасына құқықтық және медициналық баға берілмек. Сондай-ақ пациенттің диагнозы, жағдайы және емдеу барысы дәрігерлік құпияға жатады. Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады", – деп түсіндірді денсаулық басқармасы.
Асханасы мен спортзалы жоқ, от жағады: Қазақстанның кейбір өңірінде ауыл балалары адам шошырлық мектептерде оқып жүр