Алматыдағы LRT құрылысы: Бір құрамның қанша жолаушы тасымалдайтыны анықталды

Алматыдағы LRT-ның бір құрамы қанша жолаушы тасымалдайтыны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, LRT пойызының бір құрамы 285 жолаушыға дейін тасымалдайды. Қозғалыстың орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады.
Оқыңыз“Техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) аясында LRT инфрақұрылымын салуға жұмсалатын шығындар қарастырылған. Оған эстакадалар, станциялар, инженерлік желілер және өзге де ілеспе нысандардың құрылысы кіреді. Алайда құрылыс-монтаж жұмыстары аясында вагондарды сатып алуға кететін шығындар қарастырылмаған. Вагондарды сатып алу жеке жоба шеңберінде жүзеге асырылады. Ол жылжымалы құрамды жеткізуді, іске қосу-баптау жұмыстарын, сынақтан өткізуді және пайдалануға беруді қамтиды”, – делінген хабарламада.
Аталған жоба бойынша тиісті құжаттама әзірленіп, кейін белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптамадан өтеді.
“Қазір LRT вагондарының жеткізушісі әлі анықталмады. Жылжымалы құрамның техникалық сипаттамалары пысықталып жатыр. Бір құрамның сыйымдылығы 285 жолаушы (отыратын және тұрып баратын орындарды қоса алғанда). Қозғалыстың орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырым болады”, – делінген жауапта.
Әкімдік жобаның нақты құны мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған соң белгілі болатынын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші кезеңінің бағыты Момышұлы көшесі – Төле би көшесі – Абылай хан даңғылы – “Алматы-2” теміржол вокзалы бағытымен өтетіні айтылған еді. Депо Алатау ауданындағы Индустриялық аймақтың оңтүстік бөлігінде орналасады. Жобаның бірінші кезеңінің жалпы ұзындығы 18,3 шақырым болмақ.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады