Төрешіге қоқан-лоқы жасап, былапыт сөз айтқан: ҚФФ "Елімай" – "Ордабасы" матчындағы жанжалға қатысқандарды жазалады

Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитеті премьер-лиганың 13-туры аясында өткен “Елімай” – “Ордабасы” матчы бойынша шешім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кездесу 14 маусым күні Семейде өтіп, шымкенттік клубтың 3:1 есебімен жеңісімен аяқталған еді.
Оқыңыз“Елімай” клубының бас бапкері Андрей Карпович төрт матчқа қатысу құқығынан айырылды. Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, ол төрешінің әрекетімен келіспейтінін “агрессивті түрде білдіріп”, салдарынан ойыншылар, клуб өкілдері мен төрешілер арасында жанжал туындаған.
Сонымен қатар “Елімай” ойыншысы Жан Али Пайруз да төрт матчқа шеттетілді. Себебі ол орталық алаңда бас төрешіге физикалық қысым көрсетпек болған. Карпович пен Пайруздың дисквалификация мерзімі 15 маусымнан бастап есептеледі.
Клубтың басқарушы директоры Федор Симинидиге “Елімай” қатысатын матчтар өтетін стадиондарға кіруге тыйым салынды. Шектеу 24 маусымнан 2026 жылдың 1 қазанына дейін күшінде болады. Сонымен қатар ол 100 АЕК (432 500 тг) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.
Федерация дерегінше, Симиниди алаңға шығып, матчтың ресми өкіліне агрессия танытқан. Ал ойыннан кейін төрешілер бөлмесіне кіріп, боқтық сөздер айтып, арбитрге қоқан-лоқы жасаған.
“Елімай” клубының өзіне де айыппұл салынды. Жанкүйерлер ресми тұлғаларға балағат сөздер айтып, төрешіге зат лақтырғаны және бөлмесіне кіріп кеткені үшін клуб 300 АЕК төлеуі тиіс.
Сонымен қатар командадағы тәртіпсіздік үшін тағы 100 АЕК айыппұл салынды. Осылайша “Елімайға” салынған жалпы айыппұл көлемі 400 АЕК (1 730 000 теңге) болды.
Матчтың бас төрешісі Арман Исмуратов та жазаланды. Федерация оны 2026 жылдың 1 қазанына дейін қызметінен шеттетті. Себебі ол “матчтан кейін “Елімай” өкілдеріне қатысты әдепсіз мінез-құлық танытып, боқтық сөздер” қолданған. Сонымен қатар сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасының төрешісіне қатысты дау полицияға дейін жеткені туралы жазған едік. Төреші балағат сөздер айтып, клубты талқандаймын деп қорқытқан. Кейін төреші 5 тәулікке қамауға алынған.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады