Қазақстандықтардың жалақысы көтеріліп, несиелік жүктемесі жеңілдейді: Үкімет жаңа жоспар әзірледі

Үкімет 2026–2029 жылдарға арналған халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жоспарда жалақы, жұмыс орындары, азық-түлік бағалары, салықтық жеңілдіктер, әлеуметтік қолдау және қазақстандықтардың қарыз жүктемесін азайту шаралары қарастырылған.
Құжатта 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өскені атап өтілген. Алайда соған қарамастан халықтың нақты табысы төмендеген, инфляция салдарынан сатып алу қабілеті азайған.
Жалақыны көтеру жоспары
Жоспардың мақсаты – жалақыны нақты 10%-ға арттыру және инфляциядан жыл сайын 2–3%-ға озып отыру. Бұл, ең алдымен, төмен және орта жалақы алатын қызметкерлерге қатысты болмақ.
Мемлекеттік қолдау алатын жұмыс берушілер, субсидиялар мен жеңілдетілген несиелерді пайдаланатындар – қызметкерлеріне өңір бойынша медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақы төлеуге міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда жұмыс берушілер мемлекеттік қолдаудан айырылады.
Әкімдіктер ірі және орта кәсіпорындардың басшыларымен, сондай-ақ сауда желілерімен кездесулер өткізіп, кассирлердің, жүк тиеушілердің, әкімшілердің және басқа да қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселесін талқылайды. Келісімдер ұжымдық шарттарда бекітіледі.
Ең төменгі жалақы 2026 жылдың соңына қарай қайта қаралады. Бюджеттік қызметкерлер: мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер үшін жалақыны индекстеу 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап қарастырылған, негізгі назар орта және төмен буын қызметкерлеріне аударылады.
ОқыңызСонымен қатар жыл сайын 240 мыңға дейін сапалы жұмыс орындарын құру жоспарланған, ал 2029 жылға қарай олардың жалпы саны 3,8 миллионға жетуі тиіс. Құжаттағы анықтамаға сәйкес, сапалы жұмыс орны – кемінде алты ай және одан ұзақ мерзімді тұрақты жұмыс, өңір бойынша медианалық жалақыдан төмен емес еңбекақы, зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар, медициналық сақтандыру, ақылы демалыс және қауіпсіз еңбек жағдайлары қамтылған жұмыс орны.
Азық-түлік бағасы
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі 15%-дан аспайтын деңгейде шектеу сақталады. Бұл талаптың орындалуына бақылау күшейтілетіні хабарланды.
2027 жылдың қаңтарынан бастап азық-түлік тасымалына арналған теміржол тарифі 36%-ға төмендетіледі. Барлық өңірлерде апта сайынғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасады. Маусымдық баға шарықтауын тежеу үшін азық-түлік тиелген жүк көліктеріне басымдық берілетін "жасыл дәліз" енгізіледі. Инфляцияны 2029 жылға қарай 5–7% деңгейіне дейін төмендету жоспарланған.
Ауыл тұрғындарына қолдау
"Ауыл аманаты" жобасы аясында ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарына жеке шаруашылықты дамыту, кооперативтер мен шағын бизнесті қолдау үшін 30 мыңнан астам бюджеттік микрокредит беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар агрокомпетенцияларды оқыту және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту да қарастырылған.
Несиелер мен азаматтардың қарыз жүктемесі
2026 жылдың мамырына қарай қазақстандықтардың тұтынушылық несиелері 17 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде 3 айдан астам мерзімі өткен берешек көлемі 1 триллион теңгеден асады.
Жоспар аясында несиелерді рәсімдеу кезіндегі комиссиялар саны қысқартылмақ, несие шарттары түсінікті көрсетілетін стандартты құжат енгізіледі, онда ұсақ шрифт пен жасырын төлемдер болмайды. Бірнеше несие беруші алдындағы берешекті бірден реттеуге арналған бірыңғай цифрлық платформа іске қосылады. Ал ауыр қаржылық жағдайда қалған азаматтар үшін банкроттық рәсімі жеңілдетіліп, оның мерзімі бір айға дейін қысқартылады.
Цифрлық платформалар арқылы табыс табатындарға қатысты жаңа ережелер
Шамамен 394 мың қазақстандық цифрлық платформалар арқылы табыс табады — такси, жеткізу қызметі, фрилансерлер. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап бұл жұмыс форматы ресми мәртебе алды. Алғашқы жылы бюджетке 6,3 миллиард теңге салықтар мен әлеуметтік төлемдер түскен.
Жоспарда платформалық жұмыспен қамтуды одан әрі реттеу көзделген. Мұндай қызметкерлерде тұрақты әлеуметтік кепілдіктер мен құқықтарын қорғаудың ашық тетіктері енгізіледі.
Дәрі-дәрмек пен әлеуметтік қолдау
Жекелеген санаттағы азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі аясында тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мониторинг деректеріне сәйкес, 2025 жылдың маусымы мен 2026 жылдың наурызы аралығында 631 дәрілік атаудың бағасы орта есеппен 24,6%-ға төмендеген.
Ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын отбасыларға тиесілі жеңілдіктер туралы автоматты түрде SMS арқылы хабарлама жіберіледі. Өтінішті қолмен тапсыру қажет болмайды. Бұл формат құжатта "әлеуметтік әмиян" деп аталады.
Ипотекалық салықтық шегерім
Жоспарда 2029 жылдан бастап ипотекалық пайыздар бойынша толық салықтық шегерімді қайтару мәселесі қарастырылған. Бұл шешім 2027 жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Ипотекасы бар отбасылар үшін бұл нақты салықтық жүктемені азайтады.
Жоспар 2029 жылға дейін есептелген. Әр жарты жыл сайын министрліктер мен әкімдіктер Ұлттық экономика министрлігіне іс-шаралардың орындалуы туралы есеп беріп отырады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда ипотека салықтық жеңілдіктер мен жаңа шаралардың арқасында қолжетімді болатыны туралы жазған едік.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады
Оқыңыз