Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев сыйлаған сағатын сатпақ болған қазақстандық ойынан айнып қалды

сағат
Фото: Threads скрин

Қазақстандық тазы өсіруші Анна Захарова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан сыйға алған қолсағатын сату туралы шешімінен бас тартты. Ол бұл бұйымның өзі үшін жай ғана бағалы зат емес, Президентпен кездесуден қалған ерекше естелік екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұған дейін Анна Захарова Президент сыйлаған сағатты сатылымға қойған болатын. Оның құны 2 млн 899 мың теңге деп көрсетілген. Сағаттың түпнұсқалығын растайтын тиісті құжаттары бар екені де айтылған.

Захарованың сөзінше, қолсағатты оған Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Наурыз мерекесі кезінде сыйлаған. Сол кездесуде тазы өсіруші Мемлекет басшысына бір жарым айлық тазы күшігін тарту еткен. Президент оған өз қолтаңбасы қойылған сағат табыстаған.

Тоқаев
Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Алғашында сағатты тақпайтынын айтқан Захарова оны коллекционерлерге ұсынуды жөн көрген. Тіпті уақыт өте келе мұндай бұйымның құны артып, алдағы он жылда 30 миллион теңгеге дейін бағалануы мүмкін деген болжамын да білдірген.

Алайда сатылым туралы ақпарат тарағаннан кейін ол шешімін өзгертіп, сағатты өзінде қалдыратынын мәлімдеді.

“Бұл жағдайға қатысты түсініктеме бергім келеді. Ең алдымен, бұл сыйлықтың мен үшін әрқашан ерекше құндылығы болғанын атап өткім келеді. Сағатты алған сәттен бастап оны жай ғана зат ретінде емес, Мемлекет басшысымен жеке кездескен маңызды әрі ерекше оқиғадан қалған естелік сыйлық ретінде қабылдадым”, – деді Анна Захарова.

Осылайша, тазы өсіруші Президенттен алған сыйлығын сатпай, естелік ретінде сақтап қалуға шешім қабылдады.

Айта кетейік, бұған дейін Желіде қазақстандық Тоқаевтан сыйға алған сағатын 2 миллион 800 мың теңгеге сатылымға шығарғаны туралы жазған едік. Ол Threads парақшасындағы жазбада болашақта бұл сағаттың тарихи құны жоғарылап, қымбаттайтынын жазған. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 22 Тамыз, 2026 12:10