Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сайлау учаскесінде суретке түсуге бола ма: ОСК сайлау күні сақталуы тиіс негізгі ережелерді атады

Дауыс беру
Фото: gov.kz

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік дауыс беру кезінде және сайлау күні сақталуы тиіс негізгі ережелер туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Комиссия мүшесі қазақстандықтарға сайлау учаскелерінде суретке түсуге рұқсат етілетінін атап өтті. Алайда толтырылған бюллетеньді сайлаушының кімге дауыс бергені көрінетіндей етіп суретке түсіруге және мұндай фотосуретті таратуға тыйым салынады. 

"Сайлаушының сайлау учаскесінде суретке түсуіне ешқандай шектеу қойылмайды. Бюллетеньді жәшікке салып жатқан сәтте де суретке түсуге болады. Алайда сайлаушының қай партияға дауыс бергені көрінбеуі тиіс. Дауыс беру күні аяқталғаннан кейін мұндай материалдарды таратуға қойылған тыйым да күшін жояды", – деді Ләззат Сүйіндік.

Сондай-ақ ОСК сайлау нәтижелеріне қатысты сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға қойылған шектеулерді еске салды. Дауыс беруге бес күн қалғанда және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындыларының болжамдарын және сайлауға қатысты өзге де зерттеулерді жариялауға болмайды.

Дауыс беру күні тікелей дауыс беру үй-жайында немесе учаскесінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге тыйым салынады.

Мұндай сауалнамаларды тек ОСК алдын ала бекіткен ұйымдар ғана жүргізе алады. 

Сонымен қатар, 23 тамыз, Құрылтай сайлауы күні, тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ қазақстандықтар сайлау учаскесі орналасқан мекенжай бойынша тіркеуге тұра алатыны атап өтілді.

Бұл қызмет халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) мамандары жұмыс істейтін 221 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. ХҚКО қызметкерлері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Тіркеу тек дауыс беруге қатысу мақсатында бір күнге рәсімделеді және келесі күні автоматты түрде жойылады.

Егер азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркеуі бар болса, сол мекенжай бойынша сайлау учаскесінде дауыс береді.

Еске салсақ, бұған дейін Құрылтай сайлауы өтетін күні қазақстандықтар қоғамдық көлікте тегін жүре алатыны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 21 Тамыз, 2026 18:38