Ұлт тағдырына әсер ететін тарихи оқиға: Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өз үндеуінде президент жексенбі күні елімізде өтетін жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауын – “ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға” деп атады.
“Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп”, – деді президент.
Тоқаев партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарлағанын атап өтті.
“Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды. Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды”, – деді мемлекет басшысы.
Президент сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсеткенін айтты.
"Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан. Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін. Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз", - деді президент.
Тоқаев жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенім білдірді.
"Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ. Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз", – деді Тоқаев
Мемлекет басшысы өз үндеуінде еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болатынын бас айтты.
"Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде. Қазақта "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын", – деді президент.
Тоқаев өз үндеуін "Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!" сөзімен аяқтады.
700 мың теңге бопсалады деген блогер полицияны үш рет жазықсыз түрмеге қамады деп айыптады