Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенемін - Тоқаев

Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында жасаған үндеуінде Құрылтайдың алғашқы сайлау науқанына жоғары баға берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тоқаев Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өткенін айттын. 

Сонымен қатар президент Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланатынына сенім білдірді. 

“Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін. Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ”, – деді президент. 

Мемлекет басшысы алдағы сайлауда әр адамның дауысы маңызды екенін ерекше атап өтті. 

“Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз”, – деді Тоқаев. 

Еске салсақ, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстан халқына үндеу жасағаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 21 Тамыз, 2026 20:27