Серуендеп келемін деп шығып кеткен ер адам Алакөлде өлі табылды
Threads қолданушысы әлеуметтік желіде 44 жастағы Руслан Мусагалиевтің Алакөлде жоғалып кеткенін айтып, қазақстандықтардан көмек сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туыстарының айтуынша, Руслан Мусагалиев жұбайы, үш баласы және әкесімен бірге демалуға келген. 17 тамыз кешке ол “серуендеп келемін” деп демалыс орнынан шығып, із-түссіз жоғалып кеткен.
Русланның көлге шомылмағаны айтылды. Бейнебақылау камераларынан оның Арбат маңында жүргені байқалған. Одан кейін із-түзсіз жоғалған. Телефоны өшірулі болған. Кейін оның ұялы телефонын Алакөл маңынан жергілікті жасөспірім тауып алып, демалыс орнының күзетшісіне тапсырған.
Ер адам орналасқан қонақүй Абай облысы Жарма ауданы аумағында екені хабарланған еді.
Оқиғаға байланысты Абай облыстық полиция департаментіне пікір сұрап, Руслан Мусагалиевті іздеу жұмыстары туралы ақпарат беруді сұрадық.
Руслан Мусагалиевті іздеу жұмыстары 18 тамызда басталған. Арада бірнеше күн өткен соң ер адамның денесі демалыс орындарынан шамамен 200 метр жердегі қалың ағаштардың арасынан табылды.
"Бүгін іздеу жұмыстары барысында жоғалған ер адамның денесі демалыс орындарынан шамамен 200 метр қашықтықта орналасқан қалың ағаштардың арасынан табылды", – делінген Абай облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Полицияның мәліметінше, ер адамды іздеуге полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар бөлімшелері, әскери қызметшілер мен еріктілер жұмылдырылған. Қызметтік көліктер мен ұшқышсыз ұшу аппараттары да пайдаланылған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Туыстарының айтуынша, ер адамның денсаулығына байланысты мәселелері болған және жоғалар алдында өзін жайсыз сезінген.
Полиция сондай-ақ желіде тараған ер адамның телефоны Алакөл маңындағы елді мекендердің бірінен табылды деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Ұялы телефон тікелей Алакөл көлінің жағалауынан табылды.Тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми мәліметтерге сенуге шақырамыз", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Алакөлде гидроциклдер соқтығысып, бір адам қаза тапқаны туралы жазған едік.
700 мың теңге бопсалады деген блогер полицияны үш рет жазықсыз түрмеге қамады деп айыптады
