Ешбір ұсыныс ескерусіз қалмайды: "Әділет" штабы сайлауалды науқанын қорытындылады
"Әділет" партиясының кандидаттары Армангүл Тоқтамұрат, Дидарбек Ділдебек және Залқарбек Мұраталиұлы Астанада өткен Республикалық сайлауалды штабтың отырысында бір айлық үгіт-насихат жұмысының қорытындысын таныстырды. Осы уақыт ішінде партия өкілдері еліміздің барлық 20 өңірін аралап, мыңдаған кездесу өткізіп, тұрғындардан мыңдаған ұсыныс жинады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айға жуық сапардың нәтижесі қандай?
Жиын барысында Армангүл Тоқтамұрат "Әділетті Қазақстан үшін" мобильді керуенінің нәтижелерін таныстырды. 27 күн ішінде керуен топтары 17 облысты аралап, 13 872 шақырым жол жүріп, 99 елдімекенге барды және 14 мыңға жуық тұрғынмен кездесті. Жиын қорытындысы бойынша екі мыңнан астам ұсыныс жиналды. Олар талданып, партияның алдағы жұмысында, соның ішінде заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде пайдаланылады.

Алматы қалалық штабының мүшесі Дидарбек Ділдәбек мобильді топтар 1,36 млн адамды қамтығанын, "Есіктен есікке" акциясына 2,41 млн-нан астам азамат қатысқанын және 6,2 млн дана материал таратылғанын хабарлады.
Науқан барысында өңірлерде барлығы 247 сайлауалды штаб жұмыс істеді, ал партияның сенімді өкілдерінің қатары 30 мың адамға жетті. Солардың атынан сөйлеген "STEM академия" компаниясының басшысы Залқарбек Мұратәліұлы сайлаушылармен кері байланыстың маңызын атап өтті.

"Біз партияның ұстанымын жеткіздік. Бірақ кездесулерде тұрғындардың өз сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдау да аса маңызды", – деді ол.
Ешбір ұсыныс ескерусіз қалмайды
Өңірлік штабтардың жұмысы туралы филиал басшылары бейнеконференция байланысы арқылы баяндады. Астанада 580 мыңнан астам адамды қамтыған 630-дан астам, ШҚО-да 314 мың тұрғынның қатысуымен екі мыңнан астам, сондай-ақ, БҚО-да шамамен 430 мың адамның басын құраған 1,6 мыңнан астам шара ұйымдастырылған.
Партия өкілдерінің айтуынша, кездесулер барысында кәсіпкерлер орта бизнесті дамыту және отандық инвесторларды қолдау жөніндегі ұсыныстарды, ал еңбек ұжымдары еңбек адамының мүддесін қорғау және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру жөніндегі бастамаларды оң бағалаған. Әйелдер форумында отбасы құндылықтарын нығайтуға және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды. Цифрландыру, жаңа технологиялар, ғылым және заманауи білім беру салаларындағы ұсыныстар IT саласы өкілдері мен кәсіби қауымдастық тарапынан оң қолдау тапты.
"Әділет" – жаңа буын партиясы. Бұл бізге мәселелерге жаңаша қарап, тың шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Біз үшін партия бастамаларының халықтан кең қолдау тауып отырғаны ерекше маңызды. Бұл – бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық ұсыныстар мен бастамалар ескерусіз қалмайды", – дейді олар.

Отырысты қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай партияның Президенттің реформалар бағытын және жаңа Конституцияның қағидаттарын қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұстанымдар қазақстандықтарды алаңдататын мәселелерді жүйелі түрде шешуге негіз болады.
"Осы бір айда біз үлкен жолдан өттік. Ең бастысы – халықтың талап-тілегін тереңірек түсініп, бізге артылған жауапкершіліктің салмағын сезіндік. Халықтың бізге айтқан әрбір мәселесі, әрбір ұсынысы мен аманаты алдағы жұмысымыздың негізіне айналуға тиіс. Бізді біріктіретін мақсат – біреу. Ол – Әділетті Қазақстан құру. Қазақстандықтарды 23 тамызда "Әділет" партиясына дауыс беруге, Әділетті Қазақстан үшін таңдау жасауға шақырамын", – деді партия төрағасы.

Штаб сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін байқаушылар мен сенімді өкілдерге сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін де еске салды.
Айта кетейік, сайлау – елдің даму бағытын айқындап, өзгерістерге нақты қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды кезең. "Әділет" партиясы азаматтардан түскен аманаттарды жүзеге асыруға дайын екенін айтып, әр сайлаушыны азаматтық ұстанымын білдіріп, сайлауға келіп, өз даусын "Әділет" партиясына беруге шақырды.
Дайындаған: "Әділет" партиясының баспасөз қызметі.
"Әділет" партиясы" ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.
700 мың теңге бопсалады деген блогер полицияны үш рет жазықсыз түрмеге қамады деп айыптады