Қарағандылық жасөспірім суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалды
Қарағанды облысында 13 жастағы Нұралы Әлхан суға батып бара жатқан төрт жасар баланы құтқарып қалған. Ал оны өңірдегі полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Исмағұлов жасөспірімге батыл әрекет жасағаны үшін алғыс айтып, сыйлық табыстады.
Полиция мәліметінше, оқиға тамыз айының басында Бұқар жырау ауданындағы Семізбұғай көлінде болған. Төрт жасар бала су бетінде үрлемелі матраспен жүзіп жүрген. Бір сәтте қатты желдің әсерінен матрас аударылып, бала суға түсіп кеткен.
Сол маңда болған 9-сынып оқушысы Нұралы Әлхан бірден көмекке ұмтылып, баланы судан алып шыққан. Жасөспірімнің ерлігі туралы естіген Исмағұлов бала мен анасын кездесуге шақырған. Ал жасөспірімнің анасы Самал Әбдірахмановаға алғыс хат табысталды.
Әйел ұлы үшін алаңдағанын, десе де оның жасаған әрекетін мақтан тұтатынын айтты.
Ал бала көмекке ұмтылған сәтте марапат жайлы мүлде ойламағанын жеткізді.
“Бәрі аяқ астынан болды. Бала алғашында үрлемелі матраспен жүзіп жүрген. Бір кезде қатты жел соғып, матрас аударылып кетті де, суға құлап түсті. Бірден оны құтқаруға жүгірдім. Менің бес бауырым бар. Сол сәтте судағы баланың орнына өз бауырларымды елестеттім. Бар ойым оны аман алып қалу болды. Ол кезде қандай да бір марапат аламын деп ойлаған жоқпын”, – деді жасөспірім.
Жасөспірімге Ішкі істер министрлігінің таңбасы бейнеленген қолсағат табысталды.
Айта кетейік, бұған дейін ШҚО-да екі жұмысшы кәріз құдығына түсіп, есінен танып қалған, ал оларды полицейлер құтқарып қалғаны туралы жазған едік.
