Ыстамбұлдан Атырауға ұшып келген алты әйел никаб кигені үшін жауапкершілікке тартылды
Атырау әуежайында полиция қызметкерлері бетін толық жауып тұратын киім киген алты әйелді жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, әйелдерді Атырау әуежайында көліктегі полиция қызметкерлері байқаған. Олардың киімі бет-әлпетін толық жауып, жеке басын анықтауға мүмкіндік бермеген.
Тексеру барысында алты әйелдің де Атырау қаласының тұрғындары екені анықталды. Олар Атырау – Ыстамбұл бағыты бойынша халықаралық рейспен шетелге ұшып кеткен.
"Елге оралғаннан кейін құқық бұзушы әйелдер қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге қатысты заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар әйелдермен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Көліктегі полиция департаменті заң талаптарын сақтау әуежайлар мен көлік инфрақұрылымының басқа да нысандарында ерекше маңызды екенін атап өтті. Себебі мұндай орындарда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адамдардың жеке басын уақтылы анықтау қажет.
Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсанында Тоқаев бет-жүзді толық жабатын бетперделерге, балаклаваларға және никабтарға тыйым салуды көздейтін заңға қол қойған еді. Алғашқы құқықбұзушылық үшін ескерту беріледі. Қайталап жасалған жағдайда 10 АЕК (2026 жылы бұл – 43 250 теңгеге) айыппұл салынады. Діни киімдер, медициналық маскалар, суық мезгілде тағылатын шарфтар, сондай-ақ жұмыс барысында қолданылатын қорғаныш құралдарына тыйым салынбайды.
700 мың теңге бопсалады деген блогер полицияны үш рет жазықсыз түрмеге қамады деп айыптады