Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Эбола індеті жылдам тарап жатыр: БҰҰ қауіп туралы ескертті

вирус
Фото: medaboutme.ru

Біріккен ұлттар ұйымы Конгодағы Эбола безгегінің өршуін ел тарихындағы өлім-жітімі көп індет деп атады. Сонымен қатар ұйым аурудың геометриялық прогрессиямен таралып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мамыр айының ортасынан бері 5 290 адамнан ауру анықталған, оның ішінде 2 516 адам қайтыс болған. Сонымен қатар 1 152 адам жазылып шыққан, ал тағы 840-қа жуық адам оқшауланған немесе ауруханаларда ем қабылдап жатыр. Өлім-жітім көрсеткіші 47,6%.

Біріккен ұлттар ұйымының Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейс аурудың геометриялық прогрессиямен таралып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық өлім жағдайы соңғы 20 күн ішінде тіркелген.

“Індет Францияның аумағынан да үлкен аймаққа таралып жатыр. Ауру ошағы біздің әрекет ету шараларымыздан озып, барған сайын жылдам өршіп, кең аумақты қамтуда”, – деді ол.

Біріккен ұлттар ұйымы өкілінің айтуынша, жергілікті жерлерде жұмыс істеп жатқан мамандардың жұмысына өте күрделі жағдайлар кедергі келтіріп отыр. Індет басталғалы бері 160 медицина қызметкері Эбола жұқтырған, олардың 43-і қайтыс болған.

Біріккен ұлттар ұйымы халықаралық қауымдастықты Конго Демократиялық республикасына қолдау көрсетуге шақырды.

АҚШ Конго үкіметіне 80 миллион доллар (36 664 800 000  теңге) бөлді. Қаражат ауруханалардағы төсек-орын санын көбейтуге және қайтыс болғандарды қауіпсіз жерлеуді қамтамасыз етуге жұмсалады.

“Қаржы тек алдағы бірнеше аптаға жетеді. Содан кейін қаражат таусылады. Қаржыландыру мен қажет шараларды жүзеге асырудағы әрбір кідіріс індеттен қаза табатындар санын арттырып, онымен күресті қиындатады әрі шығынды көбейтеді. Сондықтан бізге халықаралық қолдау шұғыл түрде қажет”, – деді Жюльен Харнейс.

Айта кетейік, бұған дейін Конгода Эбола вирусын мыңдаған адам жұқтырып, тұрғындар аштық қаупімен бетпе-бет қалғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 22 Тамыз, 2026 10:15