Фатима Супығалиева Қазақстан қыздар дзюдосы тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды
16 жастағы қазақстандық дзюдошы Фатима Супығалиева Эквадорда өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Оның жеңісі отандық дзюдо тарихындағы айтулы жетістік болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұған дейін Қазақстанның бірде-бір өкілі қыздар арасында әлем чемпионатында жеңіске жетпеген.
Фатима Супығалиева 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдесті. Ол финалға дейін жетіп, шешуші кезеңде Украина өкілі Ксения Кирильчукпен кездесті.
Белдесудің негізгі уақытында жеңімпаз анықталмады. Ал қосымша Golden Score кезеңінде қазақстандық спортшы шешуші әдіс жасап, қарсыласын иппонмен жеңді.

Осылайша Фатима Супығалиева Қазақстан тарихында қыздар арасында дзюдодан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.
Жарыстың екінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының қоржыны тағы үш медальмен толықты. 57 келіге дейінгі салмақта Інжу Жұмажан күміс, 66 келіге дейінгі салмақта Ерік Үсенов қола, ал 73 келіге дейінгі салмақта Бекәлі Еркен қола медаль иеленді.
Осылайша Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте медаль санымен көш бастап тұр. Ұлттық құраманың еншісінде 2 алтын, 3 күміс және 4 қола, барлығы 9 медаль бар.
Әлем чемпионатына 59 елден 457 спортшы қатысып жатыр. Жарыс 23 тамызда аяқталады.