Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Перизат Кайраттан тәркіленген тағы бір элиталық көлік сатуға шығарылды

Тәркіленген Мерседес
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Перизат Кайрат ісі бойынша тәркіленген тағы бір көлік саудаға шығарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астанадағы мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті электрондық сауда порталында мемлекеттік нөмірі 111KPK01, ақ түсті Mercedes-Benz EQE 500 4MATIC көлігін сатуға шығару туралы хабарландыру орналастырды. Автокөліктің бағалау құны 26,269 миллион теңгені құрайды.

Лот сипаттамасына сәйкес, көліктің сол жақ бөлігі зақымданған. Есіктері, артқы көрініс айнасы, қанаты, бампері және фарасы бүлінген. Сонымен қатар автокөліктің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес.

Сауда 9 шілде күні сағат 10:00-де өтеді. Бірінші кезеңде тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ президенттің, саяси мемлекеттік қызметкерлердің және парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін мекемелер ғана қатыса алады. Егер лот мемлекеттік құрылымдарға берілмесе, автокөлік ашық сатылымға шығарылады.

Айта кетейік, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның қатысы қылмыстық іс бойынша жалпы төрт көлік тәркіленген. Бұған дейін Mercedes-Benz S450 және Haval H6 GT көліктері сауда нәтижесінде Астана қалалық полиция департаментіне берілген еді.

Тәркіленген Lexus LX 600 көлігі Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік құрылымдары, сыртқы барлау қызметі немесе мемлекеттік күзет қызметінің пайдалануына берілген. Көлікті нақты қай орган алғаны ресми түрде жарияланбаған.

Еске салсақ, "Biz Birgemiz Qazaqstan" қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол ақшаның бір бөлігін элиталық жылжымайтын мүлік, автокөлік сатып алуға және туристік сапарларға жұмсаған.

Сонымен қатар тергеу деректеріне сәйкес, Перизат Қайрат қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін достары мен туыстарын тартып, олардың "қызметі" үшін сыйақы төлеп отырған.

Перизат Қайрат өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол тағылған айыптарды "прокурорлардың қиялы" деп атап, қордың құрылтайшыларын жауап алуға шақыруды талап еткен.

Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 23 Маусым, 2026 20:16