Перизат Қайраттың көліктері неге саудаға шығарылмай, мемлекеттік органдарға берілгені түсіндірілді

Перизат Қайраттан тәркіленген көліктердің неге аукцион арқылы сатылмай, мемлекеттік органдарға берілгені белгілі болды. Мұның себебін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте комитет басшысына тәркіленген кейбір активтердің саудаға шығарылғаннан кейін мемлекеттік органдардың балансына берілуіне қатысты сұрақ қойылды. Журналист мұндай жағдайда мүліктің неге сатылмайтынын және мемлекеттік органдар бұл активтер үшін ақы төлей ме, әлде тегін ала ма деп сұрады.
Нұрмахан Әділбековтің айтуынша, мұндай мүлік мемлекеттік органдарға тегін беріледі. Бұл бюджет қаражатын үнемдеу үшін қарастырылған шара.
“Олар тегін алады. Бұл шара бюджет ақшасын үнемдеу үшін қарастырылған. Мұндай автокөліктерді жаңадан сатып алғаннан гөрі, тәркіленген мүлік есебінен алған тиімді”, – деді ол.
Комитет төрағасының сөзінше, құқық қорғау органдарына мұндай мүмкіндік нормативтік-құқықтық актілермен берілген.
“Құқық қорғау мемлекеттік органдарында мұндай құқық заңнамамен бекітілген. Сондықтан олар неге бұл құқықты пайдаланбасқа? Ал егер бұл көліктерге ешкім қызығушылық танытпаса, онда олар саудаға шығарылады”, – деді Әділбеков.
Осылайша, тәркіленген көліктер алдымен мемлекеттік органдардың қажеттілігіне қарай қаралады. Егер сұраныс болмаса, мүлік кейін аукцион арқылы сатылуы мүмкін.
ОқыңызЕске салайық, бұған дейін Перизат Қайраттан тәркіленген 80 миллиондық Mercedes астаналық полицейлерге берілгені хабарланған еді.
Перизат Қайрат ісі
2024 жылғы қарашада Қайрат 1,5 миллиард теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналғаны айтылды. Бірақ тергеу нұсқасы бойынша, қаражаттың бір бөлігі Қайраттың жеке шығындарына - элиталық жылжымайтын мүлік, автокөліктер мен саяхаттарға жұмсалған.
Қор қаражатын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін Қайрат туыстарын тартқан. Іс бойынша оның анасы Ғайни Алашбаева да сыбайлас ретінде өткен.
2025 жылғы наурызда оның Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры сот шешімімен жойылды.
16 шілдеде іс бойынша жәбірленушілер сотқа әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, қайырымдылық көмек көрсетуге шешім қабылдағандарын айтты. Сондай-ақ сотта тергеу амалдары барысында тәркіленген мүліктің тізімі оқылды.
Нәтижесінде Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның анасы Гайни Алашбаева 7 жылға сотталды.
"Дипломынан айырылғалы отыр": Алматыда әскерге күштеп әкеткен студенттің анасы президенттен араша сұрады