Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күйзелісті қайта бастан өткере ме": Алматы облысында ҰБТ кезінде интернет өшіп, талапкерлер емтиханды қайта тапсыратын болды

Тест парағы
Фото: istockphoto.com

Алматы облысының Есік қаласында ҰБТ кезінде интернет өшіп қалып, бірқатар талапкердің нәтижесі сақталмай қалған. Техникалық ақауға байланысты тестілеуді аяқтай алмаған түлектер емтиханды қайта тапсыратын болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға туралы әлеуметтік желіде талапкердің анасы жазған. Оның айтуынша, 28 мамыр күні ұлы таңғы сағат 09:00-де ҰБТ тапсыруды бастаған. Алайда тест аяқталуға небәрі 20 минут қалғанда тестілеу орталығында интернет өшіп қалған. Соның салдарынан кейбір қатысушылардың жауаптары сақталмай қалған.

“Айтар сөзім жоқ! Ұлым таңғы 9-дан бері ҰБТ тапсырып отырды. Аяқталуына небәрі 20 минут қалған еді. Сол кезде тестілеу орталығында интернет өшіп қалды. Тестті аяқтап үлгермегендердің нәтижелері сақталмаған. Енді бала сол күйзелісті қайта бастан өткереді, өйткені емтихан жексенбіге ауыстырылды”,  – деп жазды әйел.

Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Қолданушылар тестілеуді ұйымдастыру деңгейін сынға алып, елдегі маңызды емтихандардың бірі кезінде неге резервтік байланыс арналары мен жауаптарды автоматты сақтау жүйесі қарастырылмағанын сұрады.

Ұлттық тестілеу орталығы оқиғаға байланысты түсініктеме беріп, техникалық ақау болғанын растады.

 “28 мамыр күні сағат 11:19-да интернет қызметін ұсынатын мердігер ұйым тарапынан техникалық ақау орын алды. Бірінші лек барысында тестілеуді аяқтай алмаған талапкерлердің емтиханы 31 мамыр күні бірінші лекке ауыстырылды. Интернет жұмысы қалпына келтірілді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңызға рақмет”, – деп хабарлады орталық.

Кейін интернет-провайдер Есік қаласында интернет арнасының байланыс желісі зақымданғанын мәлімдеді. Соның салдарынан ҰБТ кезінде байланыс шамамен бір жарым сағатқа үзілген. Қазір ақау толық жойылған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Олардың сөзінше, дәл осындай техникалық ақау ҰБТ кезінде 2026 жылғы 20 мамырда да тіркелген. 

Stan.kz
Сенбі, 30 Мамыр, 2026 18:36