Ер адам жеті жыл бойы бойында жоқ аурудан емделіп келген

41 жастағы Саймон Пирсон дәрігерлердің қателігінен жеті жыл бойы өзінің бойында жоқ аурудан емделіп келген. Жазылмас дертке шалдықтым деп ойлаған ол инеден қорқатынына қарамастан, 42 процедурадан өткен. Адвокаты Виктория Зинзанның айтуынша, бұл жағдай Саймонға физикалық, эмоционалдық және қаржылық тұрғыдан ауыр соққы болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Mirror.co.uk-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Саймон Пирсон дәрігерлердің қателігі салдарынан жеті жыл бойы қажетсіз әрі ауыр ем қабылдаған. Дәрігерлер оның қатты шаршауын сирек кездесетін, жазылмайтын дерттің белгісі деп топшылаған.
Оған эритроциттердің шамадан тыс көбеюімен сипатталатын, баяу дамитын қан қатерлі ісігі – полицитемия вера диагнозы қойылған. Бұдан бөлек, дәрігерлер ағзада темірдің шамадан тыс жиналуынан ішкі ағзаларға зақым келтіретін тұқым қуалайтын гемохроматоз ауруы да бар деп айтқан
Саймон Пирсонның сөзінше, ол инеден қорыққанына қарамастан, 42 процедурадан өтуге мәжбүр болған. Өйткені дәрігерлердің айтқанына күмән келтіруге еш негіз көрмеген. Оны әсіресе аурудың тұқым қуалауы мүмкін деген ой қатты мазалаған.
“Бұл дерт балаларыма да беріле ме деп қорықтым. Өзімді кінәлі сезіндім және олардың болашағына алаңдадым”, – дейді Саймон.
Ол жұбайы Рэйчелмен және екі ұлымен бірге ұзақ уақыт бойы өміріне қауіп төніп тұр деп ойлаған. Отбасын қамтамасыз ету, сонымен қатар тұрақты түрде процедуралар мен ем қабылдау өте қиын болғанын жасырмады.
Саймон өзінің дін аман екенін маусым айындағы медициналық тексеріс кезінде білген. Кейін жүргізілген сараптамалар оның бойында аталған аурулардың ешқайсысы болмағанын көрсетті. Сондай-ақ мамандар бұрын қойылған диагноздарды растайтын ешқандай медициналық дәлел таппаған.
Осыдан кейін қате диагноздың құрбаны медициналық немқұрайлылыққа байланысты ауруханаға қарсы сот ісін бастады. Сонымен қатар ол жұмысынан айырылған табысы мен сақтандыру шығындарының өсуіне байланысты өтемақы талап етіп отыр.
Аурухана өкілдері өз қателіктерін мойындап, 2017–2025 жылдар аралығында жасалған 42 процедураның алдын алуға болатынын мәлімдеген.
“Кейін маған “сізде бұл аурулардың ешқайсысы болмауы мүмкін” дегенде қатты шок болдым. Осынша уақыт бойы мұндай қателіктің қалай жалғасқанына әлі күнге дейін сене алар емеспін. Қазір психологиялық зардаптарын еңсеру үшін көмек алып жүрмін”, – дейді ол.
Оның адвокаты Виктория Зинзан бұл жылдардың Саймонға физикалық, эмоционалдық әрі қаржылық тұрғыдан ауыр соққы болғанын жеткізді. Ал аурухана ресми түрде кешірім сұрап, мұндай жағдай қайталанбауы үшін қажетті өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
Аурухананың бас дәрігері доктор Надж Рашид Пирсон мырзаға көрсетілген медициналық көмектегі кемшіліктер үшін кешірім сұрады.
“Пирсон мырзаға көрсетілген медициналық көмектегі кемшіліктер үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Бұл жағдай оған үлкен күйзеліс әкелді. Біз оған алдағы уақытта толық қолдау көрсетуге дайынбыз”, – деді ол.
Саймон өз оқиғасын өзгелер осындай жағдайға тап болмас үшін жариялап отырғанын айтты.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз