Павлодарда мектеп оқушыларына қатысты зорлық-зомбылық дерегі тіркелді: Күдіктілер қамауға алынды
Павлодарда мектеп оқушыларына қатысты зорлық-зомбылық дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Telegram-дағы "Керек" арнасында мектеп оқушыларының зорлануы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Мектеп әкімшілігінің мәліметінше, психологтар бұл жағдайдан профилактикалық жұмыс барысында хабардар болған.
Осыдан кейін мектеп басшылығы оқиғаны ата-аналарға жеткізіп, полицияға жүгінген.
"Біз оқушыларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастырдық. Болған жағдайдың барлық мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін ескере отырып, өзге мәліметтерді жарияламаймыз", – деп хабарлады мектеп әкімшілігі.
Павлодар облысы полиция департаментінен де түсініктеме алды. Ведомство өкілдері мектептен хабарлама түскенін растады.
"Күдіктілер анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды", – деп хабарлады полиция.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр. Полиция күдіктілердің нақты саны мен қылмыстық істің қай баптар бойынша қозғалғанын әзірге нақтылаған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында жаттықтырушы жасөспірімді зорлады деген күдікке ілінгені хабарланған еді. Кейін жәбірленушінің анасы мен ағасы күдіктілерді күштеп әкетіп, ұрып-соқты деген күдікпен тергеуге тартылды. Бұл іс бойынша төрт адам ұсталып, екеуіне үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Сонымен қатар жаттықтырушының 2024 жылы емес, 2025 жылғы 18 қыркүйекте жұмыстан босатылғаны белгілі болды.
