Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауыл" партиясының бұрынғы қызметкерлері сайлаудан кейін жұмыссыз қалғанын айтты

партия
Фото: "Ауыл" партиясының баспасөз қызметі

“Ауыл” партиясының бұрынғы қызметкерлері Құрылтай депутаттарының сайлауынан кейін жұмыссыз қалғанын айтты. Олардың сөзінше, қызметкерлерге 1 шілдеден бастап өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазу ұсынылып, сайлаудан кейін қайта жұмысқа қабылданатыны айтылған.  Алайда сайлаудан кейін олардың басым көпшілігі жұмысқа қайта шақырылмаған. Осы орайда Stan.kz тілшісі партияның бұрынғы қызметкерлерімен сөйлесіп, мән-жайды сұрады.

 

“Қайта жұмысқа шақырамыз” дегенге сендік”

Партияның бұрынғы қызметкерлерінің бірі аты-жөнін атамауды сұрап, “Ауыл” партиясындағы сайлаудан кейінгі кадрлық өзгерістерге қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, сайлау науқаны басталғанға дейін партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарында 120-дан астам адам жұмыс істеген. Ал 2026 жылы шілдеден бастап қызметкерлердің еңбек шарттары тоқтатылған. Соған қарамастан қызметкерлер партияның күнделікті жұмысын ұйымдастырып, өңірлерде халықпен кездесулер өткізген. Оған қоса сайлау науқандарына қатысқан.

Оның айтуынша, биыл 23 тамызда Құрылтай депутаттарының сайлауынан кейін орталық аппарат пен өңірлік филиалдардың көптеген қызметкері жұмыссыз қалған. Бұрынғы қызметкер бұл жағдайға байланысты басшылықтың уәделері орындалмағанын және жұмыстан босату тәртібінің заңдылығын тексеру қажет екенін айтты.

“Біз партияда көп жыл жұмыс істедік. Орталық аппарат пен өңірлерде халықпен кездесулер ұйымдастырдық, сайлау науқандарына қатыстық, партияның бағдарламасын түсіндірдік. Партияның идеяларына сендік. Бірақ сайлаудан кейін көп адам жұмыссыз қалды. Бізге не себепті мұндай шешім қабылданғанын түсіндірген жоқ”, – деді ол.

Бұрынғы қызметкердің сөзінше, сайлау науқаны басталар алдында партия басшылығы еңбек қатынастарын тоқтату мәселесін көтерген. Оларға сайлаудың нәтижесі белгісіз екенін, партия Құрылтайға өтпей қалған жағдайда орталық аппарат пен өңірлік филиалдарды қаржыландыруға қаражат жетпеуі мүмкін екенін түсіндірген.

“Биыл 1 шілдеден бастап орталық аппарат пен өңірлік филиалдардағы қызметкерлердің еңбек шарттары тоқтатылды. Алайда бұған дейін партия төрағасы сайлауда жақсы нәтиже көрсетіп, Құрылтайға өткен жағдайда қызметкерлерді қайта жұмысқа қабылдауға уәде берген еді. Біз басшының сөзіне сендік. Сайлаудан кейін қайтадан жұмысқа ораламыз деп ойладық. Сондықтан сайлау науқаны кезінде жұмысымызды жалғастырып, халықпен кездесулер өткіздік, тапсырмаларды орындадық. Партияның нәтижесіне өз үлесімізді қостық деп есептейміз”, – деді бұрынғы қызметкер.

Оның айтуынша, 23 тамыздағы сайлауда “Ауыл” партиясы 574 621 дауыс жинап, Құрылтайда екінші орын алған. Алайда қызметкерлердің басым бөлігі бұрынғы жұмыс орындарына қайта қабылданбаған.

“Орталық аппараттағы аз ғана қызметкерлер жұмысқа қайта оралды. Бірақ бұрынғы қызметкерлерді іріктеу кезінде нені ескергені түсініксіз. Өңірлік филиалдардағы жағдайды да тексеру қажет. Себебі бәрімізді қайта жұмысқа аламыз деп уәде берді. Бірақ сайлаудан кейін көп адам жұмыссыз қалды. Біреулерді қайта шақырды, енді біреулерді шақырмады. Неге дәл сол адамдардың жұмысқа алынғанын, қалғандарына не себепті орын берілмегенін бізге түсіндірген жоқ”, – деді ол.

Бұрынғы қызметкердің айтуынша, 25 тамызда өткен жиында партия төрағасы Қайрат Айтуғанов қаржыландыру көлемі 300 миллион теңгеден астам сомаға азайғанын айтқан. Сосын барлық экс-қызметкерді қайта жұмысқа қабылдау мүмкін емес екенін түсіндірген. Алайда бұрынғы қызметкер партияның сайлаудан кейін мемлекеттік қаржыландыру алуға құқығы болғанын, қаражаттың қысқару себебін нақтылау қажет екенін айтты. 

Оға қоса қызметкер жұмыстан босату кезінде заң талаптарының сақталған-сақталмағанын тексеруді сұрады. 

“Барлық қызметкер шынымен өз еркімен келісті ме, құжаттарға қол қоюға қысым жасалды ма деген сұрақтарға жауап керек. Құжаттардың дұрыс рәсімделгенін емес, адамдардың қандай жағдайда өтініш жазғанын да нақтылау маңызды. Жұмыссыз қалғандардың арасында отбасын асырап отырған, балалары бар, несие мен ипотека төлейтін адамдар көп. Әсіресе өңірлерде жаңа жұмыс табу оңай емес. Біз еңбек құқығымыз қорғалғанын қалаймыз. Көп адам партияға қаншама жылын арнады. Ал сайлаудан соң керексіз болып қалды”, – деді сұхбаттасушы.

Бұрынғы қызметкер партиядағы кадрлық өзгерістермен қатар, Құрылтайға сайланған депутаттарды іріктеу тәртібіне қатысты да сұрағы барын жеткізді. Оның сөзінше, өңірлерде белсенді жұмыс істеген адамдардың еңбегі ескерілмей, партияға жаңадан қосылған кейбір азаматтар депутаттық мандат алған.

“Өз еркімен кету туралы өтініш жазғызды”

Партияның тағы бір бұрынғы қызметкер мән-жайды айтып берді. Оның айтуынша, орталық аппарат пен өңірлерді қосқанда бұрын шамамен 120 адам жұмыс істеген.

“Бүкіл өңірлерді қосқанда біз шамамен 120 адам болған едік. Кейін 50 шақты адамды жұмыстан шығарды. Кей өңірлерде алты адамдай ғана қалуы керек болды. Одан бөлек, шамамен 20–25 адамды қайта жұмысқа қабылдаған шығар. Қазір тағы адам алып жатыр ма, жоқ па, білмеймін”, – деді ол.

Бұрынғы қызметкердің сөзінше, жұмыстан босату өз еркімен кету туралы өтініш жазу арқылы рәсімделген. Оның өзі де өтінішті өз қолымен жазғанын айтты. Сондықтан экс-қызметкер өзіне қатысты заңсыздық болды деп есептемейтінін және партияға шағымы жоқ екенін жеткізді.

Десе де ол бұрынғы қызметкерлердің барлығы бірдей қайта жұмысқа қабылданбағанын айтты.

“Сайлаудан кейін қайтадан жұмысқа аламыз деді. Бірақ кейін басшылық өздері таңдаған адамдарды алды. Орталық аппараттан қайта шақырылғандар шамамен 30 адам болды. Нақты қанша адам екенін білмеймін”, – деді сұхбаттасушы.

Ол жұмыстан кету кезінде қызметкерлерге тиесілі жалақы мен қосымша төлемдер берілгенін, екі айлық жалақы көлемінде төлем жасалғанын айтты. Алайда төлемдердің нақты қандай негізде берілгенін және барлығына бірдей төленген-төленбегенін нақтылау мүмкін болмады.

Бұрынғы қызметкердің айтуынша, қазір оның кейбір әріптестері жұмыссыз жүр. Олардың арасында несиесі, ипотекасы бар адамдар да жүр.

“Бәрінің де несиесі, ипотекасы, отбасы бар. Адамдар жұмыс іздеп жүр. Кейбірін жұмысқа шақырып жатыр дегенді естіп отырмын. Бірақ бәрі бірдей қайта орналасқан жоқ”, – деді ол.

Сұхбаттасушы өзіне қатысты шағымы жоқ екенін тағы да атап өтті. Себебі ол жұмыстан кету туралы өтінішті өз еркіммен жаздым, дейді.

“Өтемақымызды алдық, оған реніш жоқ”

Партияның тағы бір бұрынғы қызметкері де аты-жөнін жарияламауды сұрады. Оның айтуынша, жұмыстан кеткен қызметкерлерге өтемақы төленген және ол бұл мәселеге қатысты наразылығы жоқ екенін айтты.

“Өтемақымызды берді. Сайлау алдында бәріміз жұмыстан шықтық. Сондықтан өтемақымызды алдық, оған реніш жоқ”, – деді ол.

Алайд ол қызметкерлердің қайта жұмысқа орналасуына қатысты белгісіздік пайда болғанын жеткізді. Партия төрағасы Қайрат Айтуғанов сайлау нәтижесіне қарай жұмыс орындарының сақталуы мүмкін екенін айтқан. Десе де бұрынғы қызметкерлерді қайта қабылдауға нақты кепілдік бермеген.

“Төраға Қайрат Айтуғанов “дауысымыз көп болса, бәріміз жұмыс істейміз” деген мағынада айтты. Дауыс аз алсақ, жағдай басқаша болатыны түсінікті еді. Бірақ “шақырамыз” деген сөз айтылды. Кейбір адамдар соған сеніп, жұмысқа қайта шақыруды күтті. Мен өзім күтпей, құжаттарымды алып, басқа жұмыс іздеуге кеттім”, – деді сұхбаттасушы.

Оның айтуынша, кейбір бұрынғы қызметкерлер 1 қыркүйекке дейін қайта жұмысқа шақырыламыз деп үміттенген. Бірақ барлығы бірдей жұмысқа оралмаған.

Бұрынғы қызметкер орталық аппараттағы құрылымдық өзгерістерге де тоқталды. Оның сөзінше, бұрын жеті департамент болса, кейін олардың саны үшке дейін қысқарған. Өңірлердегі қызметкерлер де жұмыстан кеткен.

“200 адам болған жоқ. Бірақ орталық аппаратта шамамен 20–30, ал өңірлерді қосқанда 50 адамдай қысқарған болуы мүмкін. Нақты санын білмеймін. Бұрын жеті департамент болса, қазір үшеуі ғана қалған”, – деді ол.

Сұхбаттасушы партияда 11 жылға жуық еңбек еткенін айтып, бұрыннан жұмыс істеген кейбір қызметкерлердің жұмыссыз қалғанын жеткізді. 

Stan.kz тілшісі осы мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін “Ауыл” партиясының баспасөз қызметіне хабарласқанымен, жауап ала алмады.

“Ауыл” партиясынан Құрылтайға кімдер өтті? 

23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша “Ауыл” партиясы 10 депутаттық мандатқа ие болды. Партия 574 621 сайлаушының дауысын жинап, жалпы дауыстың 6,26%-ын иеленді.

26 тамызда партияның Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтіп, Құрылтайда "Ауыл" партиясының атынан өкілдік ететін 10 депутаттың тізімі бекітілді.

Олар:

Қайрат Айтуғанов – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы. Бұған дейін ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары және ҚазАТУ проректоры қызметтерін атқарған. Айтуғанов "Ауыл" партиясынан үш рет сайлауға түскен: 2020 жылы – депутаттыққа, 2023 жылы – Мәжіліске, ал 2026 жылы – Құрылтайға.

Шахмардан Байманов – “Ауыл” партиясы төрағасының орынбасары және орталық аппарат басшысы. Бұған дейін Жастар және отбасы істері комитетін басқарған, Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы, кейін өңір әкімінің орынбасары болған. 2016 жылы Мәжіліс депутаттығына кандидат болды. 2026 жылы “Ауыл” партиялық тізімі бойынша Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде тіркелді.

Захира Бегалиева – инклюзия және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау мәселелерімен айналысады. Ол әлеуметтік осал топтардың кәсіби дағдыларын дамытуға көмектесетін ITeachMe қорымен байланысты. Бұған дейін депутат болмаған.

Серік Егізбаев – “Ауыл” партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Бұған дейін ақпарат вице-министрі, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған. 2023–2026 жылдары VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты болып, Аграрлық мәселелер комитетін басқарды.

Мұрат Иргибаев – Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары. 2024–2025 жылдары “Ауыл” партиясы төрағасының кеңесшісі болды. 2025 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарады.

Ажар Қажыбекова – Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы. Бұған дейін басқарма басшысының орынбасары болса, 2024 жылдың басында басшының міндетін уақытша атқарған. 2024 жылдың шілдесінен бастап басқарманы басқарып келеді.

Владимир Киян – биотехнолог-ғалым және Ұлттық биотехнология орталығы бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары. Ғылыми зерттеулер мен биотехнологиялар саласына маманданған.

Алмас Мұхаметов – Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры.

Динара Райханова – Қосшы қалалық мәслихатының депутаты және “Ауыл” партиясының мүшесі.

Рабиға Тоқсейітова – “Aitas-KZ” АҚ холдингтік компаниясының вице-президенті. Бұл қызметті 2012 жылдан бері атқарып келеді. “Ауыл” партиясынан Парламентке үш рет сайлауға түскен: 2020 жылы, 2023 жылы – Мәжіліске, ал 2026 жылы – Құрылтайға.

Партия мәліметінше, тізімді жасақтау кезінде кандидаттардың кәсіби біліктілігі мен құзыреті ескерілген. Олардың арасында аграрлық сала мамандары, агрономдар, ветеринарлар, ғалымдар, биотехнология сарапшылары, мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат және инклюзия саласының өкілдері бар.

Сонымен қатар партия өкілдері заң талаптарына сәйкес әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар азаматтардың жиынтық үлесі депутаттар құрамының 60%-ы екенін мәлімдеді.

Жаңа фракция қандай мәселелермен айналысады?

“Ауыл” партиясы мәліметінше, Құрылтайдағы жаңа фракция бірнеше негізгі бағытқа басымдық бермек. Олардың қатарында өңірлерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік саясат, білім мен ғылымды дамыту, отбасы мен жастарды қолдау және экология мәселелері бар.

Партия тізіміне енбеген өзге кандидаттар арасынан кадрлық резерв қалыптастырып, олар сараптамалық, қоғамдық және ұйымдастырушылық жұмыстарға тартылмақ.

Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы 27 тамызда Құрылтайдың 145 депутатын ресми түрде тіркеді. Оның ішінде “Әділет” партиясы 110, “Ауыл” партиясы 10, Respublica 9, “Ақ жол” және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия 8 мандаттан иеленді.

Осылайша, “Ауыл” партиясы жаңа Құрылтайдағы бес саяси күштің бірі ретінде өз фракциясын жасақтады.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 15:44