Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспийде омыртқасы қисайған бекіре балықтары көбейген: Ихтиолог себебін түсіндірді

Бекіре Каспий балықшы
Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Каспийде омыртқасы қисайып кеткен бекіре балығының видеосы тарады. Балықшының айтуынша, бекіре тұқымдастарда жиі кездесетін жағдай көрінеді. Ихтиолог, “балықбегі” атанып кеткен Мейрамбек Пазылбеков Stan.kz редакциясына судағы тіршілік иелерінің не себепті мұндай күйге түскенін баяндап берді. 

Видео mangystau_arlan Instagram парақшасында жарияланды. Автор “балықтардың омыртқасы қисайып кетуіне не себеп болды”деген сауалдың өзін мазалап жүргеніне біраз уақыт болғанын айтты. 

“Сіздерге сұрағым бар. Мынау бекіре деген балық. Ауға жылына 4-5 осындай балық түсіп тұрады. Омыртқалары қисық. Бұл неден болуы мүмкін? Қисайып жүзеді. Жаратылыс па әлде судың құрамының нашарлығынан ба", – деп жазды видео авторы. 

Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі бұл видеоны күлкіге айналдырды. 

“Массаж бен хиджама жасау керек”, “40 жастан асқан болар, белі кетіп қалған ғой”, “Ұсталып қалғанға тырысып қалған ғой”, “Телефон көріп, көп отырып қалған ғой”, – деп жазды олар.

Судағы тіршілік иесінің мұндай хәлге түсуінің себептерін ихтиолог Мейрамбек Пазылбеков түсіндіріп берді. Оның сөзінше, балықтың дене бітімінің қисайып кетуіне әсер ететін фактор көп. Маманның айтуынша, бұл патология сколиоз деп аталады.

“Бекіре балықтарындағы сколиоз – омыртқа жотасының бүйір жаққа қарай қисаюы. Бұл кезде балықтың денесі оңға немесе солға қарай иіліп өседі. Сколиоз ол инфекциялық ауру емес. Ол көбінесе омыртқа жотасының қалыптасуы мен дамуының бұзылуынан пайда болатын патологиялық өзгеріс. Бекіре тұқымдас балықтарда мұндай ақау көп жағдайда шабақ кезеңінде де, өсу барысында да байқалуы мүмкін. Ересек бекірелерде көбінесе механикалық зақымнан пайда болады”, – дейді балықбегі Мейрамбек Пазылбеков.

Балықтардың сколиозға шалдығуына мына факторлар себеп болуы мүмкін:

  • Қоректенудің бұзылуы;
  • Су сапасының әсері;
  • Инкубация және шабақ өсіру кезеңіндегі технологиялық келеңсіздіктер;
  • Генетикалық себептер;
  • Механикалық зақымданулар;
  • Аурулар мен паразиттер.

Маманның айтуынша, шабақ кезінде С, D3 дәрумені және басқа да маңызды дәрумендердің жетіспесе балық сколиозға шалдығады.

“Кальций, фосфор, мырыш және марганец мөлшерінің теңгерімсіздігі, жекелеген аминқышқылдарының жетіспеушілігі, сапасыз немесе құрамы теңгерілмеген жемді пайдалану, жемді ұзақ сақтау салдарынан оның қоректік құндылығының төмендеуі, сапасының бұзылуы – қоректенудің бұзылуы болып саналады”, – дейді ихтиолог.

Ал су сапасының әсерінен: судағы еріген оттегінің жетіспеушілігі, ондағы температураның күрт өзгеруі, сутектік көрсеткіштің (pH) тұрақсыздығы, аммиак пен нитриттердің жиналуы, суда улы заттар мен ауыр металдардың болуы жатады.

Сондай-ақ уылдырықты инкубациялау кезінде температуралық режимнің сақталмауынан, судың ағыны жеткіліксіз болғандықтан, оттегі режимі бұзылса, дернәсілдік кезеңдегі өсіру жағдайлары қолайсыз болса, балықты уақытылы және жеткілікті мөлшерде азықтандырмаса балықтың дене бітімі осылай қисайып қалады. Мұны маман инкубация және шабақ өсіру кезеңіндегі технологиялық келеңсіздіктер деп атады. 

Бекіре Мейрамбек Пазылбеков
Фото: Мейрамбек Пазылбеков

Балықтың омыртқасының қисайып қалуына генетикалық себептер де әсер етеді. Яғни, тұқым қуалайтын бейімділік, өндіруші аналық-аталық балықтарды дұрыс іріктемеу, жақын туыстық шағылыстыру (инбридинг) да осындай патологияға алып келеді. 

Тағы бір фактор – механикалық зақымданулар. Балықты сұрыптау және басқа бассейнге ауыстыру кезіндегі жарақаттардың, тасымалдау кезінде зақымдану, балықты шамадан тыс тығыз орналастыру мен күйзелістің салдары да сколиозға әкеліп соғады. 

Атап өтетін тағы бір себеп – аурулар мен паразиттер. 

“Кейбір жұқпалы және паразиттік аурулар балықтың қозғалыс үйлесімділігінің бұзылуымен және омыртқа жотасының қисаюымен қатар жүруі мүмкін.  Қорыта келе, жоғарыда аталған факторлармен қатар бекіре тұқымдас балықтардың өзге балықтардан айырмашылығы қаңқасы "шеміршектен" тұратынын ұмытпаған жөн”, – дейді Мейрамбек Пазылбеков.

Видео астына балықшылардың балықты тоқпен аулағанының салдарынан сколиозға шалдыққан балықтардың көбейеті турады жазған желі қолданушылары болды. Мейрамбек Пазылбеков олардың сөзін растады.

“Бұл тұрғыда желі қолданушыларының сөзінің жаны бар. Себебі электр тоғының әсерінен балықтың бұлшық еттері қатты жиырылып, стрес алады. Сонымен қатар балықтың жүйке жүйесіне қатты кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан да омыртқа жүйесі мен жұлынының қисаюына алып келеді.  Каспий теңізіне жылда мемлекеттік тапсырыс аясында бекіре зауыттарында қолдан өсірілген миллиондаған бекіре шабақтары жіберілетінін білеміз. Сондықтан миллион шабақтардың арасында "сколиозға" шалдыққан шабақтардың теңізге түсуін теріске шығармаймын”, – дейді балықбегі.

Маманның айтуынша, өздері аквамәдениетте тауарлы бекіре өсіру барысында шабақ сатысында "сколиозға" шалдыққан дарақтарды сұрыптап алып тастайды екен. Десе де оларды тұтынуға еш кедергі жоқ дейді Мейрамбек Пазылбеков.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар қытайлық сайттардан жануарларға тапсырыс беріп, өлтіріп алған еді. Қазақстандықтар желіде осындай тапсырыстар жасайтындарды сынға алды. Пікір білдірушілердің айтуынша, жануарларды тасымалдау кезінде оларға ешқандай жағдай жасалмайды және көбіне қорап ішінде өлі күйде жеткізіледі.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 04 Қараша, 2026 15:54