"Ағаш сындырып, от жаққан, пиротехника атқан": Алматылықтар Бұтақты мен Көкжайлаудағы күл мен қоқысқа шағымданды

Алматылықтар демалыс күндері табиғатқа шығып, ондағы үйілген қоқыс пен әр жерден шыққан түтіннен шошыды. Бұтақты мен Көкжайлауға барған жұрт қоқыс толған даланың фото-видеосын жариялап, желіде шағымданды. Ал Алматы әкімдігінің сөзінше, табиғи парктегі тазалық үнемі бақылауда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“От жағып, тамақ пісіруге тыйым салу керек”
Жақында Бұтақтыға демалуға барған жұрт ол жер қоқысқа толғанын байқап, видеоға түсіріп алған. Алматылық ару әсіресе жастардың салақтығын сөз етті.
"Әдемі көріністің артында осындай жағдай тұр. Қазір Бұтақтының барлық жері қоқысқа толған. Дәретхана жұмыс істемейді. Әр жерде өрттен кейін қалған үйінділер. Қазақстанның болашағы саналатын жастардың табиғатты осылай бүлдіріп жүргенін көру өте өкінішті. Бізде бар дүниені қадірлейік", – дейді алматылық.
Сонымен қатар ол тау маңында атылған түрлі-түсті бояу бұрқаққа да шағымданды.
"Тағы бір мәселе... Осындай табиғи, қорғалатын жерде неге мына түрлі-түсті бояу фонтанды, оны басқа қалай атайды, атқылауға кім рұқсат берді? Біз барған кезде оны 2-3 рет қосты. Егер бұл күнде қайталанса, онда қорқынышты. Табиғатты бояу және түтінмен ластау қалыпты нәрсе ме? Осындай жерлерді қорғауымыз керек, оларға зиян келтірмеуіміз керек", – деп жазды ол желіде.
Желі қолданушылар алматылықтардың бұл шағымына қосылды. Қазақстандықтар табиғатта от жағып, тамақ пісіруге тыйым салу керек деп есептейді.
"Жаппай демалатын орындарда от жағып, тамақ істеуге тыйым салу керек. Көкте тамақ ішкіңіз келе ме? Онда өзіңіз апарыңыз. Сосын артыңыздан бәрін жинап кетіңіз. Себебі басқа адамдар түтін иіскеуге емес, таза ауа жұтуға, демалуға барады. Табиғаттан рахат алу керек. Оны кәуап пісіретін жерге айналдырмау керек", – деп пікір білдірді желі қолданушы.
Кейбір қазақстандықтар тіпті табиғатта ағаштың үстіне шығып алып, оны сындырған.
"Кейбірі ағаштарды сындырып жүр, ақымақтар. Адамдардың басында не барын түсінбеймін. Осындай жабайылықты қалай жасайды? Өздерін жабайы деп атағанда ренжиді тағы. Адам да емес, жануар да емес, жай ғана биомасса... Бұлардан ешқандай пайда жоқ...", – деп ашуланды қазақстандық.
“Тауға да камера орнатып, айыппұл салу керек”
Ал тағы бір қолданушы табиғатқа камералар орнатып, қоқыс қалдырғаны үшін айыппұл салу керек деп ойын айтты.
"Адам демалатын жерлердің барлығына 360 градустық Face ID камера қойып, аямай айыппұл салу керек. Көрермін сонда қалай қоқысты шашар екенсіз. Орныңызды “жылан тазалағандай” етіп тазалап кетесіз. Қытайға барып, осылай жасап көріңізші, түрмеден бір-ақ шығарсыз", – деп пікір білдірді тұрғын.
Қала тұрғындары Бұтақтының ластанғанына алаңдап отыр. Дегенмен Алматы әкімдігі желідегі шағымға жауап беріп, рейдтік іс-шаралар тұрақты жүргізіліп жатыр деп отыр.
"Тұрақты негізде, оның ішінде демалыс және мереке күндері де рейдтік іс-шаралар мен аумақты патрульдеу жүргізіледі. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылады. Тіркелген фактілерге байланысты қосымша түнгі рейдтер ұйымдастырылады", – дейді әкімдік.
Әкімдік Бұтақтыдағы дәретхана күнде ашық болатынын айтты.
"Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Медеу филиалының ақпараты бойынша, визит-орталық, санитариялық торап, қызметкерлерімен бірлесіп күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жаз мезгілінде жұмыс уақыты таңғы 07:00-ден басталады. Аумақтағы дәретханалар тегін жұмыс істейді", – делінген әкімдік берген жауапта.
“Арнайы орындарда ғана от жағуға рұқсат”
Қаланың туризм басқармасы арнайы орындарда ғана от жағуға рұқсат бар екенін ескертті. Басқарма халықты табиғатқа ұқыпты қарауға шақырды.
"Арнайы жабдықталған орындарда ғана от жағуға рұқсат етіледі. Ал пиротехникалық бұйымдарды қолдануға тыйым салынған. Сонымен қатар аумақты жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы қаласының Туризм басқармасы келушілерді тәртіп ережелерін сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады", – делінген әкімдік хабарламасында.
Көкжайлауда да жағдай осындай
Желіде жұрт Көкжайлау мен қырға көтерілетін жолдағы қоқысқа да шағымданды. Сөздерінше, eOtinish арқылы шағым да түсірген. Бірақ өзгеріс жоқ.
“2026 жылғы 13 мамыр. Бүгінде сүйікті тауларымыздағы көрініс осындай. Көкжайлауға баратын жол. Бұған дейін мен бұл қоқыс мәселесі туралы өтініш жазғанмын. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар еш әрекет етпеді. Threads қауымдастығы бұл мәселені көтеріп, ақыры шешіледі деп үміттенемін. Шынымды айтсам, қала қонақтарының алдында ұят”, – дейді ол.
Ал Көкжайлауға көтерілген алматылықтар жайлаудан түсерде қоқысты жинап кету қиын деп шағымданды. Олар қоқыс тастайтын орын Медеу мен Шымбұлақтағыдай ұйымдастырылуы керек деп талап етті.
"Медеу мен Шымбұлақта қоқысты жинап, тастап кету оңайырақ, ал мұнда неге қиын? Турист қоқысты өзі алып кетуі керек, бірақ ол үшін жағдай жасалуға тиіс. Таудан түскенде қоқысқа арналған қоқыс жәшіктері болуы керек. Сонда сіздер бұл қоқысты автобуста тасысын дейсіздер ме? Әлде ойланып, жануарлардан қорғалған қосымша қоқыс жәшіктерін орнатып, бақылау камераларын қойып, қоқысты жәшіктің жанына немесе сыртына тастағандарға және оны уақытында шығармайтындарға айыппұл салуды ұйымдастырған дұрыс па? Медеуде және қалада бұл процесс жолға қойылған, өте таза", – дейді ол.
Оның бұл сөзіне Көкжайлауға барып, жастардың қоқысын көрген тағы бір азамат қосылды. Ол артынан жинамаған бір топ жасқа видеоға түсіремін деп шағымданыпты.
"Өкінішке қарай, үнемі осылай. Көкжайлауда менің алдымда бір топ қыз бен жігіт түнегеннен кейін қоқыстарын тауда қалдырып кетті. Ал мен басқа адамдардың қоқысын жинап, кейін өзіммен бірге алып кету үшін бір жерге үйіп қойған едім. Мен оларды камераға түсіріп, Threads-ке саламын деп едім, бірден "Түсіруге қандай құқығыңыз бар?" деп шулап шыға келді. Ал негізі бұған 100 АЕК көлемінде айыппұл бар ғой", – дейді қазақстандық.
Алайда Алматы әкімдігі Көкжайлаудан түскендегі контейнердегі қоқысты енді жиірек шығарамыз деп жауап берді.
"Қоқыс контейнерлері "Медеу" өңірлік табиғи паркінің аумағында орналасқан. Контейнерлер демалушыларға арналған, алайда жақын маңдағы үйлердің тұрғындары мен маңайдағы бұлаққа келушілер күн сайын тұрмыстық қоқысын әкеліп, контейнерге тастайды. Соның салдарынан ол тез толып қалады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін кесте қайта қаралып, қоқыс шығару жиілігі күніне екі ретке дейін артты", – делінген әкімдік жауабында.
Айта кетейік, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 2-бөлігіне сай, көшеде, қоғамдық орындарда қоқыс, темекі тұқылы немесе өзге де қалдықтарды тастағаны үшін азаматтарға 21 625 теңге (5 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 43 250 теңге болады.
"Ағаш сындырып, от жаққан, пиротехника атқан": Алматылықтар Бұтақты мен Көкжайлаудағы күл мен қоқысқа шағымданды