Түркістандық түлек әлемнің 80-нен астам университетінен шақырту алды

Түркістан облысының Мақтаарал ауданының түлегі Нұрәлі Медина Бектұрсынқызы АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарынан 80-нен астам ұсыныс алып, өз білімінің бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Беделді халықаралық университеттер талапкердің академиялық жетістіктерін, көшбасшылық қабілеттері мен қоғамдық белсенділігін жоғары бағалап, оқу және гранттық мүмкіндіктер ұсынған.
Нұрәлі Медина халықаралық IELTS және SAT емтихандарын сәтті тапсырып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына түсуге қажет академиялық дайындық деңгейін көрсетті.
Мектеп қабырғасында ол үздік оқушылардың қатарынан көрініп, ғылыми, зияткерлік және қоғамдық жобаларға белсенді қатысты. Ағылшын тілі пәнінен "Жасанды интеллект – ғылыми зерттеудің жаңа мүмкіндіктері" тақырыбындағы республикалық ғылыми-шығармашылық конференцияда І орын иеленіп, республикалық "Ой зерек" олимпиадасының жеңімпазы атанды.
Қазір Нұрәлі Медина өзіне ұсынылған көп мүмкіндіктің ішінен Оңтүстік Кореядағы Inha University университетін таңдауға ниет білдіріп отыр. Ол сапалы халықаралық білім алып, болашақта жинаған тәжірибесі мен білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді.
Фельдшерлердің мәселесін көтерген қазақстандық жындыханадан бір-ақ шыққанын айтты