Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық теннисші "Ролан Гаррос" турнирінің финалында бақ сынайды

Анна Данилина
Фото: olympic.kz

7 маусымда "Ролан Гаррос" турнирінің әйелдер арасындағы жұптық сындағы финалы өтеді. Онда қазақстандық теннисші Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен жұптасып, чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсенд жұбына қарсы ойнайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Sports.kz мәліметінше, матч Қазақстан уақытымен сағат 14:00-де басталады.

Финалға дейін Анна Данилина мен Александра Крунич мына жұптарды жеңді: Джесика Малечкова (Чехия) / Мириам Шкох (Чехия) – 6:4, 6:1, Майя Джойнт (Австралия) / Ханне Вандевинкель (Бельгия) – 6:2, 6:3, Ангелина Калинина (Украина) / Даяна Ястремская (Украина) – 6:4, 6:4, Эллен Перес (Австралия) / Деми Схюрс (Нидерланд) – 6:2, 7:6, Сюко Аояма (Жапония) / Лян Эньшуо (Тайвань) – 7:5, 6:2.

Биыл "Ролан Гаррос" турнирінің жұптық сындағы чемпиондары әр спортшыға 600 мың еуродан сыйақы алып, 2000 рейтингтік ұпайға ие болады.

Анна Данилина – биылғы "Ролан Гаррос" турнирінде жарысты жалғастырып жатқан Қазақстанның жалғыз өкілі. Бұған дейін жекелей сында Елена Рыбакина, Александр Бублик және Юлия Путинцева турнирмен қоштасқан.

Назархан Уән
Жексенбі, 07 Маусым, 2026 12:30