Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ермұхамет Ертісбаев Қазақстан Халық партиясының төрағасы қызметінен кетті

төраға
Фото: halykpartiyasy.kz

Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс XX съезінде партия төрағасы ауысты. Делегаттардың дауыс беру қорытындысы бойынша партия төрағасы болып Нұрсұлтан Шоқанов сайланды. Ол бұл қызметте Ермұхамет Ертісбаевтың орнын басты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Съезде сөз сөйлеген Ермұхамет Ертісбаев соңғы үш жылдағы партия жұмысына қорытынды жасады. Оның айтуынша, осы уақыт ішінде партия қатарына 43 мыңнан астам адам қабылданған. Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары Үкіметке 591 депутаттық сауал жолдаған.

Съезд барысында Қазақстан Халық партиясының жаңартылған Жарғысы бекітіліп, партияның жаңа фирмалық стилі таныстырылды. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер ұйымның ішкі жұмысын жетілдіруге, партиялық тәртіпті нығайтуға және оның заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған.

Нұрсұлтан Шоқанов KIMEP университетін “Қаржы” мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Швейцариядағы IMD бизнес мектебінде Executive MBA дәрежесін алған.

Еңбек жолын халықаралық Ernst & Young аудиторлық компаниясында бастаған. Кейін мұнай сервистік компанияларда басшылық қызметтер атқарып, 2009 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келеді.

Бұған дейін Алматы қаласы мәслихатының депутаты болған. Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық және Алматы облыстық филиалдарын басқарған. Кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы “Атамекен” басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Айта кетейік, бұған дейін  "Ақ жол" партиясы төрағасы Азат Перуашев қызметінен кетіп, орнына Дәния Еспаева партияның жаңа төрайымы болып сайланған еді. Кейін “Ауыл” партиясының төрағасы Серік Егізбаев ауысып, оның орнына өз орынбасары Қайрат Айтуғанов келді. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 27 Маусым, 2026 14:07