Айбек Дәдебай инклюзия туралы: "Бұл маған да таңсық дүние емес. Сондықтан оның маңызын жүрегіммен түсінемін"

Астанада “Әділет” партиясының қолдауымен ұйымдастырылған XIX “Жан Шуақ” қоғамдық сыйлығы табысталды. Қазақстан мүгедектер конфедерациясының дәстүрлі жобасы биыл халықаралық мәртебеге ие болып, әр түрлі мемлекеттен келген меймандар елордада бас қосты.
Іс-шараға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген “Әділет” партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай лауреаттарға ерен еңбегі мен қоғамға көрсетіп отырған өнегесі үшін шынайы алғысын білдірді. Ол 1 шілдеден бастап еліміздің жаңа Конституциясы өз күшіне енетінін еске салып, ендігі басты мақсат – ондағы әділдік қағидаттары адамдардың күнделікті өмірінде нақты көрініс табуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Оның пікірінше, инклюзия – мемлекеттің берік іргетасы.
“Бұл маған да таңсық дүние емес. Сондықтан оның маңызын жүрегіммен түсінемін. Бүгінгі лауреаттар өз өнегесімен инклюзия ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдаумен ғана шектелмейтінін дәлелдеп отыр. Бұл – әрбір адамның өз әлеуетін ашуына, қабілетін жүзеге асыруына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау. Әділетті Қазақстан дәл осындай қағидаттар негізінде құрылады”, – деді Айбек Дәдебай.
Осы кеште сахнаға көтерілген жандардың тағдыр жолы ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Жарқын жеңістері елімізді әлемге әйгілеген қазақстандық паралимпиадашылар Ербол Хамитов пен Дастан Мұқашбеков лайықты құрметке бөленді. Сондай-ақ көру қабілетінен айырылған әнші Кенжебек Нұрдолдайдың өнері, тек қос білектің күшімен Эверест шыңын бағындыруға болатынын бүкіл әлемге дәлелдеген Рустам Набиевтің және бионикалық протезбен скрипкада аса жоғары деңгейде өнер көрсетіп, Гиннестің рекордтар кітабына енген Манами Итоның қатысуы шалқар шабыт сыйлады.
Іс-шара барысында инклюзияны дамыту мәселесіне айрықша назар аударылды. Осы орайда, робототехника мектебінің негізін қалаған Дамир Нуркежанов, параспортшы Айсұлу Сүлейменова және тігін өндірісін жолға қойып, әлеуметтік жағдайы осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтып отырған Динара Кұтжолова да арнайы марапатталды.
Лауреаттар атынан 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов сөз сөйледі.
“Азаматтардың шынайы қолдауы, атсалысуы және бір-біріне деген құрметі адамдардың өз күшіне сенім артып, алға ұмтылуына көмектеседі. Дәл осы әрекеттер қоғамды нығайта түседі”, – деді ол.
Осындай қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған “Әділет” партиясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Фельдшерлердің мәселесін көтерген қазақстандық жындыханадан бір-ақ шыққанын айтты