Құрылыс компаниясының экскаваторы магистральдық кабельді зақымдады: "Қазақтелеком" Оралдағы байланысқа қатысты ақаудың себебін түсіндірді

Орал қаласында құрылыс жұмыстары кезінде магистральдық талшықты-оптикалық кабель зақымдалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақтелеком" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Компанияның мәліметінше, оқиға 7 маусымда таңертең жер қазу жұмыстары барысында болған. Құрылыс бригадасы Оралдан Ресейге шығатын интернет-трафиктің негізгі арнасын қамтамасыз ететін кабельді зақымдаған.
Апат салдарынан кейбір пайдаланушылар интернет-ресурстар мен халықаралық сервистерге кіру кезінде кідірістерге тап болған.
Желінің жұмысын сақтау үшін "Қазақтелеком" мамандары деректерді беру бағыттарын жедел түрде қайта баптаған.
Компанияның атап өтуінше, резервтік арналардың арқасында өңірдегі халықаралық байланыстың толық үзілуіне жол берілмеген.
Хабарлама жарияланған сәтте апаттық бригадалар зақымданған учаскеде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатқан. Оператордың ақпараты бойынша, апат салдарын жою және желіні қалыпты жұмыс режиміне қайтару алдағы бір сағат ішінде жоспарланған.
"Қазақтелеком" инженерлік коммуникациялар маңында жер қазу жұмыстарын жүргізер алдында міндетті түрде келісім алу қажет екенін еске салды. Өйткені магистральдық байланыс желілерінің зақымдануы телекоммуникациялық инфрақұрылым жұмысына елеулі іркілістер әкелуі мүмкін.
Қазақстанда ипотека не себепті қымбат: Нарықтағы әділ баға қандай болуы керек