Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сербия президенті Вучич қызметінен кететінін мәлімдеді

Александр Вучич
Фото: AP

Сербия президенті Александр Вучич қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Александр Вучичтің президенттік өкілеттігі 2027 жылдың көктемінде аяқталады. Соған қарамастан ол бірнеше апта ішінде Сербия президенті қызметінен кететінін мәлімдеді.

Вучич Белградта өткен митинг барысында айтты.

"Мен президент ретінде осындай көп адамның алдында соңғы рет сөз сөйлеп тұрмын. 14 жыл бойы, әртүрлі қызметтерде өз еліме адал қызмет еттім. Бұл – менің республика президенті ретіндегі соңғы күндерім мен апталарым", – деді Вучич жиналғандарға.

Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, Сербия заңнамасына сәйкес, сайлау 90 күн ішінде өтуі тиіс. Бұл талапты наразылық білдіріп жатқан студенттер мен оппозиция жақтастары да көтеріп отыр.

Сербияда президент пен үкіметке қарсы наразылық акциялары 2024 жылдың қараша айында Нови-Садтағы теміржол вокзалында шатырдың опырылып құлауынан кейін басталды. Аталған қайғылы оқиға салдарынан 16 адам қаза тапқан еді.

2025 жылдың тамыз айының ортасында қалалардағы жағдай ушықты. Наразылық білдірушілер полициямен қақтығысқа түсіп, кешкі және түнгі уақытта жолдарды жаба бастады.

Билік орын алған зорлық-зомбылықты айыптап, жағдайды тұрақтандыру және шиеленісті азайтуға шақырды.

Белградта 24 мамырға қараған түні өткен соңғы акция барысында 17 полиция қызметкері жарақат алды, 47 адам ұсталды.

Айта кетейік, Александр Вучич 2017 жылдың 31 мамырынан бері Сербия президенті қызметін атқарып келеді. 2022 жылы ол екінші мерзімге қайта сайланған, оның ресми өкілеттігі 2027 жылдың мамырында аяқталады.

Сербия конституциясына сәйкес, бір адам президенттікке ең көбі екі рет бес жылдық мерзімге сайлана алады. 

Дана Русланқызы
Жексенбі, 28 Маусым, 2026 13:20