Желіде көпті сүйсіндірген өрт сөндіруші мен фельдшер жұп өмірі туралы айтып берді

Желіде біреуі фельдшер, екіншісі өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін ерлі-зайыптының видеосы көпті сүйсінтті. Видеода жұбайлардың бір-біріне жұмыс барысын түсіріп жіберген видеолары көрсетілген. Қызық контент жасаған әйел "Балаларымыз кім болады екен, қызық" деп сипаттама қалдырған. Stan.kz сайты Астраханьда тұратын қазақ отбасымен әңгімелесіп, қиын жұмыстың қызықтарын білді.
“Төтенше қызметтен келіп, үйде жұмыстағы қызықтарды айтамыз”
Альбина Кушаева 2021 жылдан бері Жедел медициналық жәрдемнің фельдшері болып жұмыс істейді. Ал жолдасы мамандығы басқа болса да, 8 жыл бойы өрт сөндіруші болып қызмет етеді. Астраханьда тұратын қазақ отбасының екі баласы бар. Олар көбіне жұмысқа бір тәулікке кетеді. Сол үшін жұмыс кестесін барынша бірдей қоймауға тырысамыз дейді.
"Тәулік бойы жұмыс істеймін, арасына 2 немесе 3 күн салып демаламын. Кенжем кішкентай болғандықтан жұмыстан гөрі үйде көбірек болып жүрмін, себебі балаларға, үйге қараймын. Жолдасым өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Оны "сарбаз" деп атайды. Оның жұмыс режимі тұрақты, тура мен сияқты бір тәулікке кетеді және 2-3 күн демалады. Демалып жатқан кездері де шұғыл адам керек болып, шақырып қалатын кездер болады. Оған қоса ол демалыста қосымша керме төбелер жасайды. Астрахань, Нариманов қалалары және көршілес орналасқан ауылдарға барып, жасайды. Осылайша отбасы ештеңеден тарықпасын деп еңбек етіп жүр. Екеуміз де қызметте болғандықтан бір уақытта жұмысқа шықпауға тырысамыз. Ол бір тәулікке кеткенде мен демалыс алуға тырысамын, ол үйде болғанда мен шығамын. Бірақ бұлай келтіре алмай қалған күндері бірге жұмысқа кетіп, үйге бірге қайтамыз", – дейді Альбина.
Бір кездері ерлі-зайыпты жұмыста болғанда үлкен ұлдарына әжелері қараған екен. Ал қазір олар кезектесіп жұмысқа шығып, кезектесіп балаға қарауға тырысады.
"Әдетте жұмысты бітіріп, таңертең қайтамыз, сонда таңғы аста жұмыстағы қызықтар туралы әңгіме айтамыз. Көрген оқиғаларымызды бір-бірімізге әңгімелеп береміз. Қандай шақырулар болды, қандай қызық оқиғаға тап болдық және әлбетте төтенше жағдайлар туралы. Жолдасымның жұмыс режиміне байланысты екеумізге де бірдей демалу мүмкін бола бермейді. Соған қарамастан қалай да уақыт табуға, отбасымызбен бірге уақыт өткізуге тырысамыз", – дейді ол.
Альбина Кушаеваның сөзінше, дәл фельдшерлік пен өрт сөндіруші сияқты төтенше жағдайда жүретін жұмыста оңай қажып кетуге болады. Бірақ ерлі-зайыпты демалыс кезінде көбіне далада серуендеп, тынығуға тырысады екен.
"Әйтпесе дәл екеуміздің жұмысымызбен оңай қажып кетуге болады. Бос уақытта ол көбіне жаттығуға, футболға барады. Ал мен оны қолдауға, көруге еріп барамын. Немесе екеуміз жай ғана қыдыруға, серуендеуге шығамыз. Көбіне жағалауда, су маңында жай ғана серуендейміз. Белсенді демалысқа шықпай жүрміз, себебі мен жүкті болдым одан соң баламен жүрдік", – дейді ол.
"Дәл қазір біз өз орнымызда шығармыз"
Сөзінше, Альбинаның атасы жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған. Сонда кішкентай қыз "Мен фельдшер болмаймын" депті. Бірақ өмір мені осы салаға айдап әкелді деп сипаттады ол. Айтуынша, жолдасы екеуі де мамандық ауыстыруды ойламайды.
"Менің атам жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған. Ол кезде мен баламын. Мұны естіп "Ешқашан жедел жәрдем фельдшері болмаймын" дегенмін. Бірақ ат баспаймын деген жерін үш рет басады демекші, өмір осы мамандыққа мені айдап әкелді. 11-сыныпты бітіргенде құжаттарымды медицина училищесіне тапсырып, фельдшерлікті оқыдым. Мені ешкім бұл мамандыққа үгіттемеді, өз аяғыммен барып, өзім таңдадым. Анам менің кез келген шешімімді қолдайды, сол кезде де қолдады. Жұмысым өзіме ұнайды. Фельдшерлік өте қызық, экстримі көп, адреналині жетеді. Бірақ қауіпті тұстары да болады, дегенмен бәрі жақсы. Жұмысымыздың жақсы жақтарын көбірек іздеуге тырысамыз, бірақ жалпы ұнайды.
Жолдасым да өрт сөндіру қызметіне өзі барған, оны бірден қабылдаған. Алайда оның негізгі оқыған мамандығы теңізші еді. Жұмыс ауыстыру туралы екеуміз де ойланбаппыз. Қазір жолдасыма да жұмысы ұнайды. Қызығушылығы бар, беріліп істейді, ұжымы да жақсы. Менің де ұжымым өте ұйымшыл. Дәл қазір біз өз орнымызда шығармыз деп ойлаймын. Бұдан кейін қалай болады, оны уақыты келгенде көре жатармыз", – дейді фельдшер.
"Балаларымыз кім болады екен?"
Альбина мен жолдасы Instagram-да танысқан. Жолдасы Астраханьнан болса, әйел Волгоград облысы, Қазақстанмен шекарада орналасқан Эльтон ауылында тұрған.
"Танысып, сөйлесе бастадық сосын ол мені Астраханьға алып кетті. Өрт сөндіруші мен жедел жәрдем фельдшерінің күнделікті жұмысы туралы роликті декретте отырып жасадым. Ол Ресейдің регіне тарап кетті, 800 ден көп рет қаралған. Кейіннен әріптестерім видео өзге шет елдерге тарап кеткенін көрсетті. Аудитория біздің жұмысымызды жақсы қабылдады, бірден көп қаралым жинап кетті. Мен көпшілікке ұнайтын шығар деп ойладым, бірақ дәл мұндай белсенділік күтпеген едім. Кешке жариялап, таңертең тұрсам көп адам жазылыпты, пікір қалдырыпты. Мен бәрі бұлай тез болып кетеді деп ойламаппын. Бәрі жақсы пікірлер жазған, хейт жоқ. Бәрі қолдады, "Қандай күшті жұп, қандай жақсы қызмет атқарып жүр" деп әңгімелеп жатты. Әрине, бұл бізді шабыттандырады", – дейді ол.
Ерлі-зайыпты үшін де балаларының кім болатыны қызық. Олар ұлы мен қызы қандай мамандықты таңдаса да қарсы болмаймыз деп отыр.
"Роликті "Біздің балаларымыз кім болады екен?" деген ойымды қосып жариялаған едім. Өзім әзілдеп ұлым стоматолог, қызым косметолог болады деп айтамын. Ал негізі өздері кім болғысы келеді, сол мамандықты таңдайды. Олардың кез келген таңдауын қолдаймыз. Ұлым әлі кішкентай. Әкесі мінетін өрт сөндіруші көлігіне қарайлап қояды, "Әкем сияқты өрт сөндіруші боламын" дейді. Дәл қазір әкесі ол үшін бірінші орында, абыройлы адам", – дейді Альбина Кушаева.