Асу Алмабаев Бакудегі UFC турнирінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев Бакуде өткен UFC Fight Night турнирінде жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Спортшы шоудың негізгі бөлігінде өнер көрсетті. Оның қарсыласы америкалық Чарльз Джонсон болды. Баку турниріне дейін Алмабаев жеңіл салмақ (56,7 кг-ға дейін) дивизионының рейтингінде тоғызыншы орында тұрса, ал АҚШ өкілі 14-орында еді.
Жекпе-жек толық үш раундқа созылды. Үшінші раундта Алмабаев қарсыласының аяғына “ауырту әдісін” жасап, қарсыласын берілуге мәжбүрледі.
Осылайша, 32 жастағы қазақстандық спортшы қатарынан үшінші рет жеңіске жетті. Оның еншісінде 24 жеңіс пен 3 жеңіліс бар.
Ал Чарльз Джонсон мансабында тоғызыншы рет жеңіліске ұшырады. 35 жастағы америкалық спортшының қоржынында 19 жеңіс бар.
Жеңіске жеткен Асу Алмабаев UFC-ден өзіне Қазақстанда чемпиондық жекпе-жек ұйымдастырып беруді сұрады.
"Қолдауларыңызға рахмет! Мұнда менің қаншама жерлес қазақтарым жиналыпты! Осындай үлкен қолдаумен жеңбеуім мүмкін емес еді. Джошуа Ван, кел! Тіпті дебютанттар да титул үшін жекпе-жек өткізді. Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда – қай жерде болса да болады. Қараша, желтоқсан – бастайық! Мен белбеу үшін күресемін. Менің жанкүйерлерім күтіп отыр! Қараңыздаршы, қолдау қандай! Ал бұл – Баку. Егер жекпе-жек Қазақстанда өтсе, біз онда нағыз шоу жасаймыз", – деді Алмабаев октагонда.
Айта кетейік, Бакуде өткен UFC турнирінде тағы бір қазақстандық спортшы Бекзат Алмахан да өнер көрсетті. Алайда ол бразилиялық Жан Мацумотоға төрешілердің шешімімен есе жіберді.
Оқыңыз