Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ешкім тірі қалмаған": Францияда парашютшілер мінген ұшақ апатқа ұшырады

Францияда құлаған ұшық
Фото: Reuters.com

Францияда парашютшілерді тасымалдаған жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 11 адам көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Азаматтық ұшақтың апатқа ұшырағаны туралы Францияның Томблен қаласының жергілікті билігі хабарлаған. Әуе кемесі парашют мектебіне тиесілі болған және Нанси-Эсси әуежайынан көтерілгеннен кейін көп ұзамай құлаған.

Апат салдарынан 11 адам қаза тапты. Олардың қатарында ұшқыш, 5 студент және 5 нұсқаушы бар.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полицияның ірі күштері жұмылдырылған. Апат болған аумақ қоршауға алынып, қауіпсіздік периметрі орнатылған.

Pilatus PC6 жеңіл ұшағының құлаған жері Auchan гипермаркетінің маңында орналасқан.

L'Est Républicain басылымының хабарлауынша, қаза тапқандар Нанси қаласындағы жеке медициналық қызметкерлер тобы болған. Олар парашютпен алғашқы секіруін орындамақ болған.

Еске салсақ, осыған дейін Колумбияда ұшақ апатқа ұшырап, 66 адам қаза тапқанын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Жексенбі, 28 Маусым, 2026 18:51